Алғаш естігенде оркестр екен деп ойладым - Өзге ұлт өкілдері домбыра жайлы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бір-бірінің тілін-тарихын білмейтін әр континенттің, әр ұлттың өкілдерін біріктіретін үлкен құбылыс - өнер. Музыка тілі барша әлемге ортақ. Қазақ жеріне табан тіреген кез келген өзге ұлт өкілінің назары бірінші домбыраға ауатыны анық.

Домбыра - қазақ мәдениетінің бренді десек қателеспейміз.

Сонымен қатар, қазақ тілін, қазақ жанын ұғынамын деген әр шетелдік азамат домбыраны игеруге ұмтылары сөзсіз.

Солардың бірі - алматылық жігіт Андрей Фендриков.

Ол 4 кластан бері домбырада ойнауды үйрене бастаған.

11 жастағы жас бала мектептегі барлық музыкалық үйірмелерге барған.

«Соның ішінде домбыраны да үйрене бастадым. Бірден осы аспапқа ғашық болдым деп айта алмаймын. Біраз уақыт оны зерттедім. Басында оңай болады деп ойладым. Себебі, домбырада тек 2 ішек, гитарада бірнеше. Бірақ, байқағанымдай оңай болмай шықты. Сосын менің үйірмем - хоббиге айналды. Ақырындап күй ойнауды үйрене бастадым. Бірнеше жылда толығымен бет бұрып, күйші Айгүл Үлкенбаеваның класында кәсіби деңгейде үйрене бастадым», - деді Андрей.

Орыс ортасында өскен, орыс мектебін бітірген Андрей тілге бейімділік түп атасынан дарыған деп санайды.

Андрей әлеуметтік желіде Акын Акыныч ретінде таныс. «Жырау» домбыраның сүйемелдеуімен аса маңызды әлеуметтік тақырыптарға ой қозғайды.

Ол Домбыра күнінің мемлекеттік мереке ретінде жарияланғанына өте қуанышты екенін білдірді.

«Менің ойымша, бұл қажет мереке. Домбырашылар осы күні домбыраны насихаттау жұмыстарын нығайтуы тиіс. Тек қана концерт емес, арнайы флеш-моб ұйымдастырған дұрыс. Халық домбыраға жақын бола түсуі тиіс. Бұл күн тек атақтар, марапаттар берілетін күн болып қалмауы керек», - деді ол.

Андрейдің ойынша, әлемде ұлттық музыкалық аспапқа ерекше құрметпен, махаббатпен қарайтын халық - қазақ.

«Ресей көшелерінде балалайкамен ойнап көріңізші, ешкім сізге назарын аудармайды. Қазақтар өз домбырасын шексіз құрметтейді. Домбыра тартып отырған адамды өздері тарту білмесе де құрметтеп, сыйластықпен қарайды. Домбыраның үні - қазақ тілін білмейтін адамдардың да жүрегінде партиоттық сезімді оятатын құдырет», - деді ол.

Андрей Фендриков қайырымдылық акцияларын жиі өткізіп тұрады.

Жақында ол видеоблогерлер байқауында жеңімпаз атанып, сыйлыққа 1 млн теңгенің аппаратын алған болатын.

Осыған орай Андрей  арнайы 5 домбыра жасатып, Островский атындағы зағип балаларға арналған интернаттың ансамбліне сыйға тартты.

Домбыраның құлағында ойнайтын шетелдіктердің бірі - Даниэль Джеймс Данлади-Бвай.

Қара нәсілді жігіт Құрманғазының Алатау күйін естіп, домбыра үйренуге деген ықыласы оянған.

«Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында фортепиано класында 1 курста оқып жүргенмін. Сабақтан қайтып бара жатқанда ғажап бір әуенді естідім. Шынымды айтсам, оркестр ойнап жатқан болар деп ойладым. Әуен аятқалғанша тапжылмай тыңдадым. Барып көрсем, бір ғана домбыра аспабында ойнап отыр екен. 2 ішекпен-ақ қандай ғажап дыбыс шығып жатқанына таң қалдым. Мен де оны үйренгім келді», - деді Даниэль.

Даниэль көп ұзамай белгілі күйші, композитор Әнуар Бекжановтан тәлім ала бастайды.

Жарты жылда Нигерияның тумасы 15 күйді оңай меңгеріп алады. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін Даниэль түрлі бағдарламалармен той, корпортаив кештерін жүргізумен айналысады.

Репертуарында Нұрғиса Тiлендиевтің Әлқиссасы, Жекпе-жегі, Ата толғауы, Құрманғазының Балбырауыны, Адайы, Алатауы, Сарыарқасы, Ерке сылқымы, Асылбек Еңсеповтың «Балалық шақ», Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр», Секен Тұрысбековтың «Көңiл толқыны», Дәулеткерейдің «Түркменімен» тыңдарманның құлақ құрышын қандырып жүр.

«Мені көрген қазақтар басында фонограммамен ойнап жатыр деп ойлайды. Кейін таң қалысып, құрметпен қарай бастайды. Мен негізінде бала кезімнен қазақтардың ортасында өскенмін. Өзім Нигерияда тусам да, анам орыс. Қазақтың тарихын мәдениетін бала кезімнен білемін», - деді Даниэль.

Қара нәсілді жігіттің жары да қазақ, Алматы облысы Маловодное ауылының қызы.

Қызы Адель - 4 жаста, ұлы Алан 2 жаста.

«Екеуі де домбыра шерткенімді қызыға тамашалайды. Қызым ақырындап шертіп, ыңылдап өлең айтып қояды. Балаларым қазақ балабақшасына барады. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген рас», - деді Даниель.

Тұманды Альбионның тумасы Крис Трикетт Алматыда қоныс тепкеніне 10 жыл болды.

Әлбетте қазақ мәдениетімен терең танысу үшін ол домбыраны меңгеруді қолға алады.

«Мен домбыра сабақтарына жазылдым. Консерваторияны бітірген студенттен дәріс алдым. Алғашқы екі сабақ ұнады. Одан кейінгілері қиындай бастады. Мен бармаймын деп айтуға ұялдым. 4 ай өткен соң өзіме ұнап кетті. барлығы 30-дай күй үйрендім. Содан ол жігіт консерваторияны бітірген соң байланысымыз үзіліп қалды. Жақсы мұғалім іздеумен болдым», - деді Крис Трикетт.

Ағылшын жігіті Алматыда жылда өтетін Тойқазан фестивалінде күй ойнайды. Сол жерде қобызшы қызбен танысып, одан белгілі күйші Айгүл Үлкенбаеваның байланыс нөмірін алған.

Содан Айгүлдің мектебіне жазылып, 1-1,5 жыл шеберлігін шыңдаған.

Қазір Крис Трикетт 30-ға жуық күй тартады. Сүйіп тартатын күйі Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», «Кішкентай». «Жантөренің шалқымасын», «Адай», «Балбырауын» күйлерін сүйіп тыңдайды.

Қазақтың күмбірлеген күйлері әлемнің материалдық емес мұрасының қатарына кірген. Қазақтың үні, мұңы, тарихы астасқан домбыра халықтар достығына дәнекер болды деген осы.
null 

Соңғы жаңалықтар