Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталық ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталықтың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы әлеуметтік қызметкерлер съезін өткізген болатынбыз. Осы орайда, әлеуметтік қызмет көрсетуді жаңғырту бағытына екпін қойдық. Бұл ретте ресурстық орталықтың жұмысы білікті әлеуметтік қызметкерді кәсіби түрде даярлауға негізделеді. Яғни, еңбек нарығының заманауи талаптары білім беру стандартарымен үндес болуы үшін қажет. Сәйкесінше, жаңа технологияларды меңгерген тың көзқарастағы әлеуметтік қызметкерлер мәселесі ресурстық орталық алдындағы негізгі мақсат-міндеттердің бірі болады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталықтың директоры Ләззат Нұрқатованың айтуынша, орталық мақсаты - мемлекеттік әлеуметтік әрі отбасылық саясатты жүзеге асыру институты ретінде әлеуметтік жұмыстарды дамыту.

«Біздің қызметтегі екі негізгі бағыт - ол оқыту-әдістемелік және сарапшылық-талдау жұмыстары. Бастапқы жарты жылда үздік шетелдік тәжірибелерді зерттейміз. Мұнымен қоса, әлеуметтік зерттеулерді жүргізуге мән бермекпіз», - деп тоқталды орталық директоры.

Оның атап өтуінше, ұлттық ресурстық орталық секторлық ынтымақтастықта әлеуметтік жұмыстың кадрлық әлеуетін сапалы түрде дамыту үшін жұмыс алаңы ретінде қызмет етпек.

«Елімізде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін ары қарай жаңғыртуға барлық институционалдық алғышарттар бар. Енді бізді әлеуметтік қызметкер мәртебесін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, орталық әрі жергілікті деңгейлерде әлеуметтік қызметкерлер біліктілігін арттыру мен сертификаттау бойынша бірыңғай желіні ұйымдастыру секілді ауқымды жұмыс күтіп тұр», - деді Ләззат Нұрқатова.

Соңғы жаңалықтар