Әлеуметтік желіде айнытпай жасалған жалған ақша туралы бейнебаян тарап жүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілер мен ұялы байланыс мессенджерлері арқылы 2014 жылы "Мәңгілік ел" сериясымен (банк қызметкерлері ол серияны "Самұрық" деп атайды - авт.) шыққан 1000 теңгеліктің айнытпай шығарылған жалған купюралары туралы бейнебаян тарады.

Ролик авторының айтуынша, оның түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ, алайда «жалған 1000 теңгелікте» Ұлттық банк төрағасының қолы қойылмаған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Міне, қараңыз, жаңа мың теңге. Бәрі оригинал, қолы қойылған. Міне, төрағаның қолы қойылған. Осындай ақша пайда болған қазір. Енді, қараңдар, міне, мың теңге, мынада қол қойылмаған ұлттық банктің, міне, мынада бар. Жалған ақша, бірақ қағазы біп-бірдей. Сондықтан байқаңдар! Бүгінге мынау үшіншісі болып тұр. Абай болыңдар, өте көп болып кетті осындай ақшалар", - дейді ролик авторы.

 

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын аталған купюраны шығаруға арналған брифингте Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Андрей Балаxметов жаңа 1000 теңгеліктің көшірмесін жасау аса қиын екенін жеткізген. Оның айтуынша, жалған ақша жасаушылар, көбінесе, 2000 теңгенің, 50 мен 100 теңгелік тиындардың көшірмесін істеуге тырысады. "Жалпы, әлемдік тәжірибеге сәйкес, типографияда жасалған жалған купюраларды түпнұсқадан айыру қиындау. Алайда Қазақстанда барлық типографияларды ішкі істер министрлігі бақылайды. Біз барлық жалған ақша жасау фактілерін тексереміз. Бірақ сапалы жасалған купюралар әлі болған жоқ", - деген еді ол.

«ҚазАқпарат» ХАА осы бейнебаянға қатысты құзырлы органдарға сауал жолдады. 

Соңғы жаңалықтар