Әлеуметтік желі «әлеуметсізденуге» алып келмей ме?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желі дерт пе әлде қажеттілік пе? Қазіргі қоғамда, әсіресе, жастар арасында өршіп тұрған дерттің бірі әлеуметтік желі екені белгілі. «Уақыттың бос өткені - өмірдің бос кеткені» деп келген қазақ қазірде экранға телмірумен өмірін өткізіп жатқаны жасырын емес. Ендеше, алдымен әлеуметтік желі қалай пайда болды, осыған көз жүгіртейік.

Ғаламтордағы әлеуметті желінің бірінші баламасын 1995 жылы Рэнди Конрадс іске қосқан. Ол «Classmates» деп аталады, яғни «Сыныптастар». Сайттың мақсаты - сыныптағы және бір мектепте оқыған достарды табуға мүмкіндік жасау. Бүгінде ол сайт жұмысын жалғастыруда. Әлем бойынша бұл сайтты 50 млн. адам қолданады екен. Кейінірек, 1997-1999 жылдары "AsianAvenue», «MiGente», «BlackPlanet», «Livejournal» сынды желілер пайда болды. Ал 2004 жылы Марк Цукерберг «The Facebook» әлеуметтік желісінің негізін қалады. 2008 жылы бұл әлеуметтік желі әлемдегі ең танымал желіге айналды және де бүгінгі күнге дейін көштің басында. 2006 жылы Джек Дорси «Twitter» жобасын іске қосты. Ол тез дамып келе жатқан жаңа әлеуметтік желіге айналды. «Twitter»-дің ерекшелігі, тек 140 символдан ғана тұратын хабарлама жаза аласыз. 2010 жылдан бастап сайттан видео, фото көруге мүмкіндіктері пайда болды. Бүгінгі таңда «Twitter» әлем бойынша ең көп қаралатын сайттардың 10-на кіреді. Instagram желісі 2010 жылдың қазан айында іске қосылған. Оның басқа желілерден артықшылығы - қолданушы түрлі суреттерімен осы желі арқылы бөлісе алады. Алғашында Инстаграмм iPhone мен iPad-тарда ғана жұмыс жасаған, кейін 2012 жылдың сәуір айынан бастап Android арқылы да қосылатын мүмкіндік пайда болды. «Астана ақшамы» газетінде көрсетілген мәліметке қарасақ, Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады екен. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында күніне 1 млн. 125 мың рет қаралатын «Мой мир», 558 мың рет қаралатын «Одноклассники», 252 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook»-ті жатқызуға болады. Күніне 350 мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ті тұтынады. Әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазатын көрінеді. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты жалған ақпар беретін болып шыққан. Ол ол ма, тіпті осы әлеуметтік желі арқылы танысып, отбасын құрып жатқандар немесе осы әлеуметтік желінің кесірінен шаңырағы шайқалып жатқандар да бар. Әлеуметтік желі пайдалы ма әлде зиян ба? Енді осыны саралап көрелік. Алдымен, әлеуметтік желі арқылы сіз таныстарыңызды, достарыңызды, әріптестеріңізді тауып, олармен байланыста бола аласыз. Сондай-ақ желідегі әр түрлі топтарға тіркеліп, өз қызығушылықтарыңызбен, ойларыңызбен, көзқарасыңызбен бөлісе аласыз. Сонымен қатар қазір әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар баршылық. Өйткені, бұл - ақпарат алмасудың тиімді әрі ар¬зан¬ жолы. Өндірушілер өз тауарларын жариялап жатса, жұлдыздар суреттерін, ақын-жазушылар шығармаларын жариялап әлек. Тіпті қазір осы желі арқылы кімнің қайда, кіммен отырғанына дейін білеміз. Қайда барса да, телефонына телміріп отырғаны. Сондай-ақ компаниялар өздеріне жұмыскер іздеуде осы әлеуметтік желінің көмегіне жүгініп жүр. Ал енді зиянды жақтарына келейік. Қазірде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі ғаламтор арқылы тілдеседі екен. Әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден алыстатады. Бұл әсіресе, жастар арасындағы күрделі проблема болып отыр. Күн ұзаққа желіде отыратын бала адамдармен шынайы араласа алмайды, тұйықталып, ғаламторға тәуелді болады. Әлеуметтік желілер - уақыт ұрлаушылар. Адамның желіге тәуелділігі сондай, бас алмастан отырып минуттардың, оның артынан сағаттардың қалай жылжып кеткенін байқамай да қалады. Әлеуметтік желі әрбір үшінші жұптың ажырасуына себепкер екен. Ғалымдардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді. Көптеген жастар сыңарын табу мақсатымен бейтаныс адамдармен танысып, бармақ тістеп қалатын кездер де аз емес. Ал әлемде жыл сайын шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады екен. Жақында ақпаратық порталдардың бірінде ғалымдардың әлеуметтік желі туралы зерттеулері жазылды. Онда «Инстаграмм» желісі депрессияға ұрындыратын желі деп айтылған. Ал «В Контакте», мамандардың пікірінше, суицидке апаратын желі болып шықты. Кім біледі, оның еліміздегі жасөспірімдер арасында суицидтің белең алып тұрғанына да ықпалы бар шығар.

Осы сұрақтар бойынша психолог Алмагүл Алдабергенованың пікірін білдік.

«Ақпараттың дамыған, ғаламдық өркендеудің қазіргі сатысында дәл осы аталған дүниелердің өскелең ұрпаққа тигізіп жатқан кері әсерін айта бермейміз», - дейді психолог Алмагүл Алдабергенова. «Психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, ғаламтор, ұялы телефон, желі байланыстарының әсері өте үлкен. Балалар кішкентайынан дамыту, сергу ойыншықтарына емес, ата-анасының ұялы телефонына, айпадына ұмтылуда. Алғашында ол балаға жай бір жарық беретін, жылжитын, не сурет көрсететін зат сияқты қабылданса, кейіннен қызығушылығы тек бір сол темірге ғана байланады. Бұл баланың дүниетанымының дамуына, қоршаған ортаны сезіп білуіне, иіскеп тануына, айналадағы құбылыстарды сезнуіне кедергі жасайды. Көзіне зияны өте зор. Баланың тәбеті де бұзылып, белгілі бір режімдерден ауытқиды», - деп есептейді ол. Сондай-ақ психолог ғаламтордың жас жеткіншектердің таным процестеріне де кері әсерін тигізетінін айтып өтті. «Жасөспірім кезіндегі зиянын айтып жеткізу мүмкін емес. Бала өздігіне талпыну мен ізденуден қалып тек дайынға, әріп терсе дегені алдынан шығатынға әбден бейімделеді. Мектепте берілген үй тапсырмасын өзі ізденіп, ойлап құрастырып, орындамаған баланың таным процестері, яғни, ойлау, есте сақтау, қабылдау процестеріне дейін сол бір экранға желіге тәуелді болуы - үлкен мәселе десек болады. Далада, көлікте, сабақта, тіпті демалу, тынығу уақытында да ұялы телефондарын құшақтап жататын тәуелділік жасөспірімдердің 95% пайызында кездеседі. Балалардың көзбе-көз қарым-қатынас жасауларының, достық сезімінің, жан ашу, қамқорлық жасау деген игі қасиеттердің төмендеуіне де ықпал етеді. Әр затты өз орнымен, өз уақытымен, белгілі бір шектеумен қолдануын қадағалауға және бұл трагедияның, мәселені жеңілденуіне бала тәрбиелеп отырған әр ата-ана үлкен мән бергені дұрыс, алдын алғаны жөн», - деп қорытты сөзін психолог. Балалар - біздің болашағымыз. Сондықтан да бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Қалай болғанда да әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар. Біз тек пайдалысын алып, зиянынан алыстап отырғанымыз абзал.

Оспанова Гүлден

Соңғы жаңалықтар