Әлеуметтік жағынан осал топтарға 1,6 млн шаршы метр тұрғын үй беріледі - Асқар Мамин

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 1,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Құрылыстың жалпы ішкі өнім құрылымындағы үлесі 2020 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша 6,1 пайыздан биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 6,25 пайызға өсті. Бұл сала ұлттық экономика орнықтылығының негізгі көздерінің бірі және өсу драйвері болып саналады», - деді А. Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, осы жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша құрылыс саласының өсу қарқыны 6,2 пайызды құрады, бұл экономика бойынша өсудің орташа қарқынынан айтарлықтай жоғары.

«Биыл шамамен 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 163 мың азаматты үймен қамтамасыз етеді. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 1,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Нәтижесінде, шамамен 29 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алады. Сонымен қатар елде жыл сайын денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары көптеп салынып жатыр», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар