Әлеуметтік сақтандыру қорының төлемақылары 30-36 пайызға артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі депутаттарға міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министр Светлана Жақыпованың айтуынша, заң жобасы үш әлеуметтік қатер - еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлерін қайта қарауды көздейді.

«Біріншіден, жүйеде еңбек өтілі мен әлеуметтік төлем мөлшерінің арасындағы өзара байланысты күшейту мақсатында еңбек өтілі 5 жылдан асатын төлем алушылар үшін жүйеге қатысу өтілі коэффициентін қайта қарау ұсынылады. Аталған коэффициент үш әлеуметтік тәуекелді - еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде қолданылады. Бүгінгі күні 5 жыл және одан көп өтілі бар азаматтар үшін аталған коэффиценттің ең жоғарғы мөлшері 1,0-ді құрайды. Осылайша, еңбек өтілі 60 айдан асатын алушылар мен 120 айдан асатын әлеуметтік төлемді алушылар тең жағдайда біркелкі төлем мөлшерін алатын болады. Осыған байланысты қатысу өтілі 71 айға дейін (қоса алғанда) болған жағдайда қатысу өтілінің қолданыстағы коэффициентін қолдану, бұл ретте 60 айдан асқан әрбір толық бір жыл үшін коэффициенті 2 процентке арттыру ұсынылады. Қазіргі кезде базалық зейнетақы төлемдері дәл солай есептеледі. Енді, біз осы принципті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қолдануды ұсынамыз», - деді С.Жақыпова.

Екіншіден, еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемді алушылар үшін төлемнің мөлшерін тікелей медициналық-әлеуметтік сараптама негізінде белгіленген жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейіне (30%-дан 100%-ға дейін) байланысты айқындау ұсынылады. Бүгінгі күні жалпы еңбек ету қабілетінен айырылудың орташа коэффициенті қолданылады, бұл ретте еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі 100 процент болған жағдайда коэффициент тек 0,7-ні ғана құрайды.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, заң жобасын қабылдау нәтижесінде еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылу бойынша төлемдердің орташа мөлшері орта есеппен 30-36 пайызға дейін артады. Халық міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне көбірек қатысады. Сөйтіп, ресми түрде жұмыс істейтін адамдардың саны артады деген болжам бар.

Ресми мәліметке сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активтерінің жалпы сомасы 1,4 трлн теңгені құрады. Ал осы жүйеге қатысушылардың саны 6 126 мың адамды (немесе республика бойынша жұмыс істейтін 8 718 мың халықтың 70,3%) құрады. 2018 жылы 800 мыңға жуық адамға бес әлеуметтік қатер бойынша Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 190 млрд теңгеге (189,6 млрд теңге) жетті.

Соңғы жаңалықтар