Әлеуметтік осал топқа жатпайтын 373 мың адам баспана кезегінде тұр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде әлеуметтік осал топқа жатпайтын 373 мың адам баспана кезегінде тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтылған.

«2022 жылдың 9 қарашасындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны – 622 840. Соның ішінде халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтардың саны – 249 881», - делінген вице-министрдің жауабында,

Министрдің орынбасары «7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған жаңа ипотеканы «жұмысшы орта топқа арналған» бағдарлама ретінде сипаттап отыр.

«Ипотекалық несиелеуді субсидиялау өнімі жұмысшы орта топқа арналғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары үшін қолданыстағы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға құқылы», - деп жазады Еркебұлан Дауылбаев.

Еске сала кетейік, министрлік жаңа ипотекалық бағдарламаның шарттарын «Ашық НҚА» порталында жариялап, көпшілік талқысына ұсынған болатын.

Вице-министрдің мәліметі бойынша, бұйрық жобасы бүгінде Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің келісімін алмаған.

«Алдағы уақытта жоғарыда атап өткен министрліктер келісімін берген жағдайда, бұйрық жобасы Әділет министрлігінен тіркеуден өтіп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қаржыландыруынан соң өтініштер азаматтардан қабылданатын болады», - дейді министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар