Әлеуметтік нысандардың алдындағы ақылы тұрақтарды міндетті түрде жабамыз – Жеңіс Қасымбек

None
АCТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы әлеметтік нысандардың алдынан ашылған ақылы тұрақтардың бәрі жабылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің кәсіпкерлермен кездесуінде Сервистік компаниялар қауымдастығының төрағасы Қайрат Көкенов ақылы автотұрақтарға арналған мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі жобасының шарттарын қайта қарауды сұрады.

Жеңіс Қасымбек келешекте ақылы тұрақтардағы сервис сапасына талап күшейетінін айтты.

«Ақылы тұрақ кеңістігі деген әлемдік практикада қаланың көлік инфрақұрылымын шешудегі негізгі тәсілдердің бірі деуге болады. Сондықтан Астанада ақылы тұрақтар сөзсіз болады, әсіресе, қаланың орталық бөліктерінде. Бірақ сала өкілдерімен бірге келісімшарттардың бірқатар шартын қайта қарау керек. Біріншіден, тұраққа салынатын инвестиция көлемі бар. Екіншіден, мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясындағы табыс үлесін қайта қарау керек. Үшіншіден, тұрақ орындары бойынша өте үлкен мәселе бар. Өкінішке қарай, ақылы тұрақтар мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар жанында қойылған жайттар бар. Сондықтан, кәсіпкерлер ұсынып отырған ұсынысты қабылдаймын. Қазір ақылы тұрақ ұсынатын компания ұсыныс әзірлеп жатыр. Алдағы айда осы мәселені тыңғылықты талқылаймыз», - деген елорда басшысы кәсіпкерлерді осы мәселеге белсенді қатысуға шақырды.

«Біз ақылы тұрақтар болуы керек екенін түсінеміз. Кез келген заманауи қалада ондай тұрақтар бар. Қалай дегенмен де қаланың орталығында ақылы тұрақтар міндетті түрде болу керек. Бірақ олар өркениетті түрде ұйымдастырылуы керек. Қыста біз ақылы тұрақтардың қары тазаланбайтынын көрдік – көліктің кіруі мүмкін емес. Сервис сапасы жоқ және қала халқы тұрақ орындарының тапшылығын жиі сынайды. Қайталап айтайын, тіпті әлеуметтік нысанларың маңына ақылы тұрақтар түсіп кеткен», - деді Жеңіс Қасымбек.

Кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында әкім әлеуметтік нысандардың алдындағы ақылы тұрақтардың бәрі жабылатынын айтты.

«Әлеуметтік нысандардың алдындағы ақылы тұрақтар міндетті түрде жабылады», - деді шаһар басшысы.


Соңғы жаңалықтар