Әлеуметтік нысандарды тексерудің теріс салдары басым - К. Бұрханов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік нысандарды тексерудің нәтижелілігі тым төмен, тіпті оның теріс салдары басым. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Камал Бұрханов осылай мәлім етті.

Тоқтала кетейік, комитет отырысында мемлекеттік органдар тарапынан еліміздегі әлеуметтік нысандардың тексерілуі мәселелері талқыланған болатын. Осы тақырып аясында жүргізілген арнайы зерттеулердің қорытындысы туралы депутат Камал Бұрханов баяндады. Сауалнама жасырын негізде жүргізіліп, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының басшылары өздерінің аты-жөндерін көрсетуден мүлдем бас тартқан.

«Сауалнама нәтижесінде бірқатар қорытынды шығаруға болады. Біріншіден, әлеуметтік объектілерді тексеру саны шектен шығып отыр. Тексеруге кететін ақшалай шығын, оның ішінде іссапар шығындары, жол мен жататын орын шығынын есептеу еш мүмкін емес. Дегенмен, оған жұмсалатын бюджет қаражатының айтарлықтай екенін аңғаруға болады. Екіншіден, тексеру сапасы тым төмен, немқұрайлылық, қарапайым элементтердің сақталмауы, құзыретсіздік, тіпті мемлекеттік қызметшіге тән этиканың сақталмауы да өріп жүр», - дейді К. Бұрханов.

Бұдан бөлек, депутат әлеуметтік нысандарды тексерудің нәтижелілігі де түкке алғысыз екенін, тіпті тәжірибе көрсеткеніндей, оның теріс салдары басым екенін алға тартты. «Мысалы, зерттеудің өзі тексеру қай өңірде аз болса, сол өңірлерде тәртіп жоғары екенін байқатып отыр. Сонымен бірге, білім беру, денсаулық сақтау нысандарында орын алатын жаппай тексерістер осы әлеуметтік сала мекемелерінің негізгі атқарып отырған қызметіне оңдырмай залал келтіруде», - дейді К. Бұрханов.

«Тексеруге құныққан шенеуніктер тобы білім беру мекемелерінің негізгі жұмыспен айналысуына кедергі келтіреді және ондай тексерулер басшылық пен мұғалімдердің тікелей функцияларын орындауына жол бермей, ұдайы алаңдатып отыр. Ең құрығанда сондай тексерудің тиімділігі болса ғой. Тәжірибе оның тиімділігін де жоққа шығарады. Мектепке тексеру келгенде мұғалімдер сабағын тастай тұруына тура келеді, бала оқыту секілді қасиетті кәсіп далада қалып, нәтижесінде мектептің дұрыс жұмысы бұрысқа айналып жатыр», - деп түйіндейді депутат Камал Бұрханов.

Соңғы жаңалықтар