Әлеуметтік нанның бағасын қымбаттатуға еш негіз жоқ – министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда әлеуметтік нанның бағасы тұрақты және оны қымбаттатуға еш негіз жоқ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік нан бағасы үнемі реттеледі және бақылауда болады, бұл нанның бағасы аймақтарда тұрақты. Оның бағасы да өзгермейді, қымбаттатуға еш негіз жоқ», - деді А.Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, кейбір жекелеген өңірлерде кәсіпорындарда шикізат тапшылығы туындаса немесе астық бағасы күрт қымбаттаса, астық құнын субсидиялау бағдарламасы қосылады.

Астық «Азық-түлік корпорациясы» ресурстарынан жіберілетін болады.

«Өңірлердегі нан бағасы оны қазіргі бағамен өндіруге мүмкіндік беретіндей етіп бекітіледі. Ондағы айырмашылық мемлекет тарапынан субсидияланады. Яғни, қазіргі уақытта әлеуметтік нан бағасын арттыруға еш алғышарт жоқ. Басқа нан өнімдеріне келсек, олардың бағасы шикізат құнына байланысты өзгереді», - деп толықтырды А. Сұлтанов.

Бұған дейін Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені айтылған.

Өз кезегінде Айдарбек Сапаров елде ешқандай астық тапшылығы жоқ екенін хабарлады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған.

Ішкі нарықта тапшылық тудырмау үшін және ұн тартатын кәсіпорындарға жүктемені азайту мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортын квоталау шешімін қабылдады.

Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұн – 300 мың тонна.

7 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді.

Оның ішінде: тұрақтандыру қорларында - 10,4 мың тонна, «айналым схемасы» аясында – 22 мың тонна, өндірушілерде – 48,6 мың тонна, қоймаларда – шамамен 20 мың тонна және сауда объектілерінде – 18 мың тонна бар.

Аталған көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жеткілікті.


Соңғы жаңалықтар