Әлеуметтік қызметкер болу үшін үлкен жүрек керек – Балғын Қасымғожина

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қазанның соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Тағдырдың жазуымен қартайған шағында жалғыз қалған және мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлығына алған әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі өлшеусіз. Мерекеге орай ҚазАқпарат тілшісі 30 жылға жуық осы салада еңбек етіп, ыстығы мен суығын көрген солтүстікқазақстандық білікті маман Балғын Қасымғожинамен сұхбаттасқан еді.

- Балғын Қожабайқызы, әлеуметтік қызметкердің міндеті ауыр, жұмысы көп. Соған қарамастан осы салада үздіксіз 28 жыл еңбек етіп келесіз. Жалпы мамандығыңыз кім?

- Менің музыкалық білімім бар. 1984 жылы Петропавлдағы музыкалық училищені «вокал» мамандығы бойынша тәмамдадым. Ән айтқанды өте жақсы көремін. Алайда, бұл салада шамалы ғана жұмыс істедім. Қазір Тимирязев ауданы Дмитриев ауылдық округінде әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп жүрмін. Мамандықты ауыстырғаныма еш өкінген емеспін.

- Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?

- Әрине, жұмысым ұнайды, осы уақытқа дейін осы салада тұрақтап қалуымның бірден-бір себебі осы. Әлеуметтік қызметкер – ол ең бірінші дос, одан кейін көмекші және психолог. Қандай жағдайда болмасын біз көмектесуге дайын болуымыз керек.

Ол моральдық немесе құқықтық көмек те болуы мүмкін. Менің қарамағымда 5 адам бар. Олардың ішінде жалғызілікті қарттар да, қиын жағдайды басынан өткеріп жатқан адамдар да бар. Әрқайсысына міндетті түрде аптасына екі рет барамын.

Олар мені асыға күтіп отырады. Үй шаруасына көмектесемін, хал-жағдайларын білемін. Кейбіріне жай ғана әңгімелесу жетіспейді. Мәселен жалғызілікті қарияларға айлап емес, жылдап көмектескендіктен туысымыздай болып кетеді.

Олар өз сырларын бөліседі. Көпті көрген, өмірден көрген-түйгені мол ата-әжелер кейде пайдалы кеңестерін айтады.

- Жалпы әлеуметтік қызметкердің міндетіне не кіреді?

- Әлеуметтік қызметкер көбінесе науқас, жалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі жандардың тамақ ішуіне, киінуіне, шашын алғызуына, қыдыруына, тіпті хат оқуына және жазуына, тағы басқа істеріне көмектеседі.

Дүкеннен қажетті азық-түлік сатып әкеліп беретін де, тамақ дайындап, отын, көмір және суын жеткізіп беретін де осы маман. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына да көмектеседі.

Маған кейде түнде хабарласып, көмек сұрайтын кездері болады. Оларға кез келген уақытта қол ұшын беруге дайынмын. Көпшілік, әлеуметтік қызметкер физикалық жұмыс істейді, ауылдық жерде тұратындар отын-суын тасиды, ең қиыны осы деп ойлайды. Бұл - жаңсақ пікір.

Ең қиыны қарамағыңдағы әр адамның тілін таба білу, достық қарым-қатынас орнату. Адамдар, олардың мінезі әртүрлі. Қиын жағдайға ұшыраған, төсекке таңулы болғандықтан кінәмшіл келеді. Сондай-ақ күніңді алдын ала жоспарлай алмайсың.

Мысалы, кешке қарай көмегім керек болып қалуы мүмкін, онда менің жоспарымның бәрі кейінге қалып, туындаған мәселені шешуім керек. Біздің жұмыстың басқалардан ерекшелігі де осы шығар.

- Әлеуметтік қызметкерге қандай талаптар қойылады?

- Арнайы талаптары жоқ. Алайда кез-келген адам әлеуметтік қызметкер бола алмайды. Ол үшін алдымен үлкен жүрек керек. Бұрын бұл салаға медициналық және педагогикалық білімі бар азаматтар алынса, қазір жағдай басқаша.

Жұмысы жоқ адамдар тартылып жатыр. Менің пікірімше, әлеуметтік қызметкер жұғымды, көпшіл, күйзеліске төзімді, ұқыпты, ұстамды, адал, әрі әділ болуы керек. Сонымен қатар еңбекқор және жауапты болуы тиіс.

Әлеуметтік қызметкер үшін өзгенің проблемасы деген түсінік болмауы тиіс, қиналған адам көрсе қолұшын созып, көп ойланып жатпай қолынан келген көмегін көрсетуі қажет.

- Азаматтардың қай санатына көмек көрсетесіздер?

- Әлеуметтік қорғалмаған адамдар біздің көмегімізге мұқтаж. Олар - егде жастағы қарттар немесе қатер тобына жататын мүмкіндігі шектеулі жандар, оның ішінде психикалық аурулары бар адамдар, нашақорлар, маскүнемдер, яғни, тұрмыс салты бұзылып, одан өздігінен шыға алмайтындарға көмек көрсетіледі.

Мәселен, адамның психикалық ауытқуы бар. Ол өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды. Мұндай жағдайда біз оның арнайы мекемеге орналасуына көмектесеміз.

- Мерекеге орай әріптестеріңізге тілегіңіз.

- Менің әріптестерім - қайырымды, үлкен жүректі, басқалардың қайғысына бейжай қарамайтын адамдар. Оларға ең алдымен денсаулық, төзімділік, сәттілік және отбасында бақытты болса екен дегім келеді.

- Әңгімеңізге р ахмет!


Соңғы жаңалықтар