Әлеуметтік қызмет порталы арқылы 360 мыңнан астам мүгедек жан көмек алды
2021 жылғы 30 желтоқсан 12:05

Әлеуметтік қызмет порталы арқылы 360 мыңнан астам мүгедек жан көмек алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елімізде әлеуметтік қызметтер порталы көмегімен 360 мыңнан астам мүгедек жанға қызмет ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елімізде мүгедек жандардың құқығын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде әлеуметтік қызмет порталы іске қосылды. Және ол 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Сондай-ақ, портал қолданушыға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметін дербес таңдауға мүмкіндік береді. Кез келген қызметке қол жеткізу үшін алдымен электрондық цифрлық қолтаңбаны растау талап етіледі. Сол сияқты қызметті алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқартты. Қолданушылардың мәселесін жылдам шешу үшін еңбек ресурстарын дамыту орталығымен тікелей байланыс құрылған», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, биыл 7 шілдеден бастап өтініштерді қабылдайтын 1414 нөмірлі call орталығы іске қосылды.

«Тұрғындардан қоңыраулар тегін қабылданады. Байланыс орталығына келіп түскен портал жұмысына қатысты сұрақтар мен ұсыныстарға орталық маманы өңдеп оған жауап береді. Жалпы биыл әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 360 мыңнан астам мүгедек жан қызмет алды. Одан бөлек, жыл басынан бері 266 мыңнан астам мүгедектігі бар адам аталған портал арқылы оңалтудың техникалық құралдары, 6 мыңнан астам ымдау тілі қызметі, 33 мыңнан астам жеке көмекшінің қызметін, 55 мыңға жуық жан шипажайда ем алды. Бүгінде порталда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 795 медициналық-әлеуметтік мекеме тіркелген», - дейді аталған ведомстводан.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT