Әлеуметтік қолдау: 2020 жылы ерекше қадамдарды іске асыру талап етілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы коронавирус індетінің әлем елдерінде таралуына байланысты түрлі салаға ерекше ауыртпалық түсті. Бұл сынақ Қазақстанды да шарпып өткені белгілі. Індеттің салдарымен күрес бағытында Үкімет тарапынан елеулі қадамдар іске асырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен кірістерінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдерді беру тетігі жедел түрде әзірленіп, іске қосылды.

Атап айтқанда, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) табысты жоғалтқан жағдайда көлемі ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеге тең біржолғы төлем көмегімен, төтенше жағдай режимі кезінде 4,6 млн адамға, карантиндік шектеу шаралары қолданылған кезеңде – 2,4 млн қазақстандыққа әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шаралары кезінде табысын толық жоғалтқан жұмыс істейтін азаматтар мемлекеттік қолдаудың бұл түріне ие болды. Олардың ішінде:

- жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлер;

- жеке кәсіпкерлер;

- жеке практикамен айналысатын адамдар;

- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып саналатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар;

- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып саналатын жеке тұлғалар бар.

Төтенше жағдай режимінің әрекет ету кезеңінде (2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін) 322 млрд теңге сомасында 4,6 млн адамға, ал карантиндік шектеу шаралары қолданылған кезде (2020 жылғы 5 шілдеден 17 тамызға дейін) 153,2 млрд теңге сомасында 2,4 млн адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Карантиндік шектеу шараларының қолданылу кезеңіне МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке дейін қабылданды. Сонымен қатар оны тағайындаудан бас тартылған жағдайда 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін шағымдануға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар жыл соңына қарай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдауға қатысты іске асырылған жұмыстардың тиісті қорытындысын жариялады. Ведомство басшысы Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, төтенше жағдай және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік әрі тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төлемдер түрінде қосымша қолдау алды.

«Халықты жұмыспен қамту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Дағдарысқа қарсы шара ретінде жұмыспен қамтудың жол картасы әзірленіп, табысты іске асырылып жатыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында 1,2 млн жұмыс орнын құру әрі сақтап қалу, сондай-ақ жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мүмкін болды», - деді министр.

Атап айтқанда, биыл коронавирисқа байланысты болған жағдайға қарамастан, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау қамтамасыз етілді. Қосымша қолдау мақсатында зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері екі рет индекстелді. Базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызды, ынтымақты зейнетақының өсімі 12 пайызды құрады.

Айтпақшы, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы және табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілді. Қазіргі кезде 413,4 мың көпбалалы отбасы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері отбасының табысына емес, балалардың санына байланысты болып келеді.

«Табысы аз отбасылардың балалары үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді. Әлеуметтік көмектің бұл түріне 430 мың балаға алғаш рет 17,5 млрд теңге қарастырылған», - деді Біржан Нұрымбетов.

Мұнымен қоса, биыл бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда: мәдениет және өнер саласында 35%-дан 50% - ға дейін, педагогтарға 4 жыл ішінде жыл сайын 25% - ға, әлеуметтік қызметкерлерге 15% - дан 60% - ға дейін көтерілді.

«Осы жылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жетілдіру бойынша да үлкен жұмыс атқарылды. Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосу басты жаңашылдық болды. Оның ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі жандардың оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді олардың рейтингін, басқа пайдаланушылардың пікірлерін, бағасы мен сапасын ескере отырып, өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Сервис оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқартуды, бизнес-процестердің ашықтығын, делдалдық қызметтерді жоюды, бағаларды біріздендіруді, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Портал 400 мың мүмкіндігі шектеулі азаматты оңалтудың техникалық құралдарымен және арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету бойынша қамтиды», - деді Еңбек министрі.


Соңғы жаңалықтар