«Әлеуметтік кодекстің» негізгі бағыттары қандай

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова «Әлеуметтік кодекстің» негізгі бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында «Әлеуметтік кодексті» әзірлеу тапсырмасы берілген болатын. Биыл 16 наурыз күні нормативтік құқықтық акт Сенатта қабылданып, Мемлекет басшысының қарауына жіберілді. Әлеуметтік кодексте мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ортақ қағидаттары мен бағыттары бекітілетін болады.
«Кодекстің қабылдануымен белгілі бір өмірлік жағдайға тап болған адам қандай әлеуметтік қолдау шаралары барын және оны шешудің ықтимал жолдарын анықтай алады. Кодексте әлеуметтік қолдау бағыттарының орналасуы адамның өмірлік цикліне сәйкес келеді. Нормалар адам өмірге келгеннен кәрілікке дейінгі қолдау шараларымен белгіленеді», - деді вице-министр.

Фото: Алматы қаласының ӨКҚ

Ол сондай-ақ құжаттағы негізгі новеллалар - атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйесін дамыту, мүгедектер үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын құру және еңбек нарығын ырықтандыру болып табылатынын айтты.
«Кодекс жобасы мен тұжырымдамасын әзірлеу үшін министрліктің базасында арнайы жұмыс тобы құрылды. 50-ден астам заң мен 200-ге жуық заңға тәуелді актілер зерделеніп, әлеуметтік саясат саласындағы халықаралық тәжірибе ескерілді. Кодекс 5 бөлім және 21 тараудан тұрады», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.
Еске салайық, брифинг барысында Назгүл Сағындықова елімізде такси жүргізушілер мен курьерлер мемлекетке салық төлеуге міндетті болатынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар