Әлеуметтік кодекс: Қағаз құжаттар жүйеден шығарылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қағаз құжаттар жүйеден шығарылып, жәрдемақылар проактивті форматта бекітіледі. Бұл Сенаттың жалпы отырысында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік кодексті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, Еуропа одағының Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Бұл ретте еліміздің өз ерекшеліктері жан-жақты ескерілді», - деді Т. Дүйсенова.

Осы орайда министр құжатта қамтылған тың қадамдарға тоқталды. Бірінші новелла – бұл мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылатын Отбасының цифрлық картасы (ОЦК). Оны енгізу аясында қазақстандықтар тең дәрежеде мемлекеттік қолдау жүйесінің көмегіне сүйене алады.

«Сондықтан Кодексте ОЦК-ны мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажет екенін анықтап қана қомай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу іс-шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта арқылы отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құықылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы құралы қызметін атқаратын болады. Мұндай ақпарат әр отбасына орталық мемлекеттік орган жағынан SMS-хабарлама ретінде жіберілмек», - деді министр.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізілетінін айтты. Яғни азаматтарға әлеуметіік төлемдер мен тиісті көмек ақпарат жүйесінде бар деректер аясында бекітіледі. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады.


Соңғы жаңалықтар