Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қатысты құжат мақұлданды - Мәжіліс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Қазақстан Республикасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тетіктерін заңнамалық тұрғыдан реттеу және жүйелеу мақсатында әзірленді. Құжат азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесуге және олар үшін қоғамдық пайдалы қызметке қатысуға басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасауға, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарының жеке еңбекке қатысуы арқылы өндіретін тауарларды нарыққа жылжытуға, сондай-ақ әлеуметтік міндеттерді шешуге ықпал ететін әлеуметтік инновацияларды енгізуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасында сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерліктің ұғымдары мен негізгі міндеттерін бекіту, қандай да бір ұйымды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі бағытталған халық санаттарына жатқызу өлшемшарттарын айқындау көзделеді.

Жұмыс тобының заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар:

-әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері қызметінің бағыттарын кеңейтуге;

-әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыруға және осы тізілімде қамтылуға тиіс мәліметтер тізбесін айқындауға;

-әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін қалыптастыратын арнайы өңірлік комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін енгізуге;

-әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері санаттарының атауларын нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді.

Бұдан басқа, депутаттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру жөнінде, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді.

Осы заң жобасы 2021 жылғы 28 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданды.



Соңғы жаңалықтар