Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардағы мемлекеттік активтер тиімсіз басқарылуда - Есеп комитеті

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларда (ӘКК) мемлекет активтері тиімсіз басқарылуда. Атап айтқанда,  2007-2008 жылдары «Сарыарқа», «Ертіc», «Тобыл», «Батыс», «Каспий», «Жетiсу» және «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларында 6,3 млрд. теңгенің заң бұзушылықтарына жол берілген.

 Бұл туралы ҚазАқпарат Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Есеп комитетінің деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні еліміздегі ӘКК қызметінің құқықтық негізі жеткілікті дәрежеде реттелмеген әрі оларды дамытудың бірыңғай стратегиясы да болмай отыр. Бұдан басқа, акционерлердің жиі ауысуы, ӘКК-нің кешенді түрде қалыптасуы мен дамуы мәселелерінде жүйеліліктің болмауы, корпорацияларды құру кезінде мәлімделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізбей отырған көрінеді.

«Жекелеген ӘКК-лердің кірісін талдау, олардың құрылымындағы үлес салмағының 100 пайызына дейін қаржыны екінші деңгейдегі банкілердің депозиттеріне орналастыруда түскен сыйақы және есепшоттардағы қаржы қалдығы құрайтынын көрсетті. Мәселен, қаржыны екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне орналастырудан түскен сыйақылардан «Ертіс» ӘКК-де 158,2 млн. теңге және «Оңтүстік» ӘКК-де 265,6 млн. теңге мөлшерінде кіріс алынған. «Каспий» ӘКК-де және «Жетiсу» ӘКК-де сыйақы мөлшері алынған кірістің шамамен 95 пайызын құрайды. Жалпы, 2007-2008 жылдары республикалық бюджеттен еліміздегі жеті ӘКК-нің жарғылық капиталын толықтыруға 39,4 млрд. теңге бөлінсе, бұл қаражат кейіннен екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне орналастырылған. Депозитке барлығы 53,2 млрд. теңге орналастырылып, 2009 жылғы 1 қаңтарда салымдар бойынша түскен сыйақы 1,7 млрд. теңгені құраған», делінген баспасөз баянында.

Сонымен бірге, баспасөз қызметінің ақпаратына қарасақ, ӘКК шығыстарының құрылымында еңбекақыға жұмсалатын қаражат көлемі 2007 жылғы 209,7 млн. теңгеден 2008 жылы 1,1 млрд. теңгеге, яғни 6 есеге артқаны байқалады. Еңбекақы шығыстары әкімшілік шығыстардың жалпы көлемінің «Ертіс» ӘКК-де - 69 пайызын, «Батыс» ӘКК-де - 59 пайызын, «Оңтүстік» ӘКК-де 55 пайызын құрайды.

«Жұмыс істеп тұрған жеті ӘКК-нің төртеуі 2007-2008 жылдардағы қаржы-шаруашылық қызметтің қорытындысы бойынша, жалпы алғанда, 1,4 млрд. теңге залалға ұшырады. Еншілес және тәуелді ұйымдарға салынған инвестициялар күтілген кіріске қол жеткізбеді. Мәселен, 2009 жылдың басында «Сарыарқа» ӘКК ҰК» АҚ еншілес және тәуелді 23 ұйымға 6,9 млрд. теңге инвестиция құйған, алайда олардың 2007 жылғы қызметтерінің нәтижелері бойынша тек екі ұйымнан ғана жалпы 0,9 млн. теңге дивиденд алынған. Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласына көшіп келген 200 оралман отбасын «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етуге «Ертіс» ӘКК-ге республикалық бюджеттен 968,3 млн. теңге бөлінген. Алайда жаңа мекенге көшуге ниет білдірушілердің болмауына байланысты аталған қаражат игерілмей қалған», делінген баспасөз баянында.

Осы мәселелерге орай, Есеп комитеті Үкіметке ӘКК қызметінің құқықтық негізін реттеуді, сондай-ақ оларды дамытудың бірыңғай стратегиясын әзірлеуді ұсынады. Бұдан басқа Индустрия және сауда министрлігіне  ӘКК-ні дамытудың орта мерзімді кезеңге арналған даму жоспарын, ӘКК-нің өткен кезеңдер үшін жинақталған жылдық қаржы есептілігін, дивиденд саясаты туралы ережені бекітудің қажеттігін атап  көрсетеді. Сондай-ақ ӘКК-нің таза табысын бөлу және дивидендтерді бюджет кірісіне жіберу жөнінде шаралар қолдану ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар