Әлеуметтік қамсыздандыру Елбасының тапсырмасын орындауға бағытталған- Нығматулин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін біз әлеуметтік маңызы зор тағы бір заң жобасын мақұлдадық. Ең бастысы  - бұл құжат тікелей Елбасымыздың  бес бастамасында айтылған екінші бастаманы жүзеге асыруға бағытталып отыр. Осы өзгерістер жалақысы төмен азаматтарымыздың табысын көбейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз»,-деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Айта кетейік, Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында қолданыстағы заңнамаға,  заң техникасының қағидаларына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілген.

Жалпы осы құжатпен жұмыс істеген арнайы топ 100-ден астам түзету қарастырды. Оның барлығы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған.

Заң жобасында 3 кодекске және 13 заңға түзетулер енгізу көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, биыл наурызда Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. 

Соның аясында  жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту ескерілген.

«Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар