Әлеуметтік қамқорлық тұрғындарды масылдыққа ынталандырмауы керек - Бектас Бекназаров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік қамқорлық тұрғындарды масылдыққа ынталандырмауы керек. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Елбасының «Nur Otan» партиясының кезекті съезінде жариялаған ауқымды әлеуметтік бастамаларын жұртшылық ризашылықпен және зор үмітпен қабыл алып, қызу қолдауын білдіріп отыр. Дегенмен, халықтың тұрмысы төмен, аз қамтылған тобының табысын арттыруға бағытталған әлеуметтік шараларды іске асыруда кейбір мәселені әділетті түрде шешу қажет.

«Бұл қамқорлық тұрғындарды өз проблемаларын мемлекетке артып, енжарлық бен бейқамдыққа, тіпті масылдыққа ден қоюға ынталандырмауы керек. Себебі, бұл көмек жанталасып жұмыс істеп, табыс тауып немесе соған ұмтылып, өз жанұясын, бала-шағасын өз күшімен бағуға талпынып, соның нәтижесінде төменгі күнкөрістен жоғары табыс тауып жүрген жанұяларға берілмейді. Мейлі олардың 5 баласы, 10 баласы болсын, олар бұл көмекті алмайды», - деді ол.

Сөйте тұра, Сенат Төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, бұл көмек мұндай еңбекке ұмтылмай күнін өткізіп, жанын бағып жүрген жанұяларға бір ғана баласы болса да беріледі,

«Осы мәселе үлкен сұрақ туындатады. Бұл сұрақ жергілікті тұрғындармен кездесулерде көтерілді. Ал егер аз қамтылған отбасыларға берілетін көмектің басқа да шарттары болса, онда ол туралы бүгін бізге жан-жақты жария етіледі деп сенемін», - деді Бектас Бекназаров.

Соңғы жаңалықтар