Әлеуметтік баспананы бөлуде заңсыздыққа барған 61 шенеунік жауапқа тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Прокуратура органдары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруы кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Прокуратура органдары әкімдіктердің 2018-2019 жылдары және 2020 жылдың өткен кезеңінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруы кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді. Талдау тұрғын үй саясаты, оның ішінде әлеуметтік тұрғын үйді бөлу және есепте тұрған азаматтарды түгендеу саласындағы заңдылықтың бұзылуын анықтады», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, талдау қорытындысында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тұрғын үйді заңсыз беру фактілері, азаматтарды есептен уақтылы шығармау және заңсыз шығару, тұрғын үйді бөлу және мұқтаж адамдарды есепке алу саласында бірыңғай оператор құру және лауазымды тұлғаларды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар басшыларын тәртіптік жауапқа тарту қажеттігі туралы нұсқама берілді.

«Анықталған фактілері бойынша 16 өңірде 61 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік жауапкершілік іс-шаралары қабылданды», - деді Асқар Мамин.

Айта кетерлігі, Бүгінде тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың республикалық базасында шамамен 556 мың адам бар. Оның ішінде табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың әлеуметтік осал топтарының 195 мыңы тұрғын үйге мұқтаж.


Соңғы жаңалықтар