Әлеуметтік бағдарламаларға 2,3 трлн теңге бөлінеді - Гүлшара Әбдіқалықова

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер - Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қостанай ауданының тұрғындарымен жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, Үкімет мүшелерінің өңірлерге сапары барысында Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде алға қойған тапсырмалары талқылануда. Сондай-ақ, халықтың аз қамтылған топтарын қолдау және табысты арттыруға, кірістері төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған тапсырмаларын іске асырудың негізгі бағыттары түсіндіріледі.

«Алдағы үш жылда әлеуметтік бағдарламаларға 2,3 триллион теңге бөлінеді. 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасында қаражатты 3 бағыт бойынша бөлу көзделген. Мәселен, 444,3 млрд теңге «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыруға бағытталады.Сәуір айында жаңа әлеуметтік бағдарламаларды бастап кетеміз», - деп түсіндірді Гүлшара Әбдіхалықова.

Үкімет жұмысының басты бағыттарының бірі - халықтың әл-ауқатын арттыру. Күн тәртібіндегі ілкімді мәселе - аз қамтылған отбасыларды қамтамасыз ету. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеруге де басымдық беріліп отыр.

«Аз қамтылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ел бойынша 530 мың адам атаулы көмек алып келсе, ал енді жаңа әдістеме бойынша 830 мыңнан астам адамға көмек ұсынылады. Бұл, алдымен, бюджет қызметкерлеріне, әсіресе, мұғалімдер мен тәрбиешілерге, төмен айлық алатындарға қатысты», - деді ҚР Премьер - Министрінің орынбасары.

2019 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сүйенсек, Қостанай облысында 1809 аз қамтылған отбасыға 145,9 млн.теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Ал Жұмыспен қамту орталықтарына және ХҚКО-ға 1184 адам атаулы әлеуметтік көмек бойынша кеңес алуға жүгінді.

Еске салайық, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Қостанай облысына келді. Гүлшара Әбдіxалықова Қостанай ауданындағы ХҚКО келген азаматтармен сөйлесіп, қызмет көрсету барысын қадағалады. Ол тұрғындарға уақытылы әрі сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар