«Әлеуметтік әмияннан» мемлекеттік қолдаудың барлық түрін алуға болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – eGov платформасындағы «Әлеуметтік әмиянда» мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары қолжетімді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек министрлігімен бірлесіп, отбасының әл-ауқатын 80 өлшем бойынша бағалауға мүмкіндік беретін отбасының цифрлық картасы құрылды. «Әлеуметтік әмиян» платформасы мектептерде тегін ыстық тамақпен және дәрілік заттармен қамту үшін пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары eGov платформасы арқылы «Әлеуметтік әмиянда» қолжетімді. Қазір онда 13 миллион қолданушы бар», - деді Бағдат Мусин министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Бизнес бойынша Премьер-Министрдің жетекшілігімен «Таза парақтан реттеу» реформасы жүргізіліп жатыр.

2022 жылы тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың 42 саласы автоматтандырылды.

Яғни, қазір осы 42 бағыт бойынша ешкім тексеру жоспарларын қолмен жасамайды. Ал биыл 36 сала цифрландырылады.

«Біз бизнес үшін eGov құрдық. Бұрын бірінші басшының қаржылық және басқа да операцияларды жүргізуінде проблемалық мәселелері болды. Кеңселерде жүргізілген операциялар оның хабарынсыз жүргізілетін. Мысалы, көптеген кәсіпорындарда онлайн сатып алу, сауда-саттық, есеп беру, қолма-қол ақша алу және басқа да операцияларды бухгалтер немесе қаржы менеджері жүзеге асырады, олар басшының электронды-цифрлық қолтаңбасын пайдаланатын. Енді мобильді қосымшада басшыға қызметкер жасағысы келетін операцияны растау үшін SMS келіп түседі», - деді Б. Мусин.


Соңғы жаңалықтар