Әлемнің төртінші теноры атанған Хосе Кура елордада концерт берді

None
None
АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат - Кеше елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында әлемнің төртінші теноры атанған Хосе Кураның концерті болды.

Аргентиналық орындаушымен бірге опера примадоннасы Барбара Фриттоли де ән шырқады.

«Әлемдік опера жұлдыздары Астанада» гала-концерті аясында елорда төрінде өнер көрсеткен олар тыңдармандарды өздерінің ерекше дауыстарымен, орындау шеберлігімен тәнті етті.

Дж.Верди мен Дж.Пуччининің қазіргі уақыттағы үздік орындаушысы саналатын Хосе Кура аталған итальяндық композиторлардың опералық ариялары мен увертюраларын нақышына келтіре орындап, тыңдарманның зор ықылыасына бөлінді.

Әлемдік деңгейде танымал қос әншінің өнеріне ұйыған астаналықтар оларды тіпті сахнадан жібергісі келмей, бірнеше мәрте қошеметпен ән орындауға шақырды. Тыңдарманның меселін қайтармаған олар үш мәрте сахна төріне көтеріліп, өздерінің репертуарларындағы үздік шығармаларын орындады. Сонымен қатар Хосе мен Барбара Бейбітшілік пен келісім сарайына жиналған халықтың демеуімен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін де шырқады.

Әлемді мойындатқан опера әншілерін Алан Бөрібаевтің дирижерлігімен К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі демеп отырды.

Аргетинаның Розарио қалашығында 1962 жылы желтоқсанның 5-інде дүниеге келген Хосе Кура 12 жасында гитарада ойнап, 15 жасында хор дирижері болған, ал 16-ға келгенде фортепианода ойнауды үйрене бастаған. 1996 жылы Туриннің Regio театрында алғаш рет Дж. Вердидің «Отелло» операсын орындағаннан кейін ол Лондон, Вашингтон, Мадрид, Триест, Мюнхен, Буэнос-Айрес, Ницца, Париж, Вена, Цюрих, Варшава, Токио, Флоренция сахналарында өнер көрсеткен. Осы кезден бастап ол әлемнің барлық жетекші опера сахналарында өнер көрсетіп, тыңдармандарын тәнтті етіп келеді.

Соңғы жаңалықтар