Әлемнің қаржы нарығындағы ахуал қалпына келе бастады - Ерболат Досаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мұнайдың әлемдік сұранысы азайып, төтенше жағдай режимінің енгізілуі Қазақстанның экономикалық белсенділігіне әсер етті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы сәуірде ауқымды фискалдық және монетарлық ынталандыру аясында әлемдік тауар және қаржы нарықтары ахуалы қалпына келе бастады. Әлемнің бірқатар елдерінің біртіндеп карантиннен шығуына қарай қор алаңдары өсудің оң аймағына ауысты. Наурызда айтарлықтай төмендегеннен кейін акциялар нарығы орта есеппен 11-12%-ке өсті», - деді Ерболат Досаев қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы Үкімет отырысында.

Спикер 10 сәуірде ОПЕК+ мұнай өндірісін күніне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы келісімге келгенін атап өтті.

«Бастапқыда мұнай қорының ұлғаюы мен шикізатқа сұраныстың қатты төмендеуінен қауіптену себебінен ОПЕК+ келісімі шикізат нарығындағы ахуалды жақсарта алған жоқ. Соның салдарынан Brent маркалы мұнайдың бағасы 22 сәуірдегі сауда-саттықта бір баррелі үшін 15,98 АҚШ долларына дейін ең төмен белгіге түсті. Биылғы сәуірдің соңында мұнай бағасы бір барреліне 25,27 АҚШ долларына жетті (жыл басынан бастап 61,7% төмендеді). Мұнай бағасының және әлемдік сұраныстың төмендеуі және төтенше жағдай мен карантиннің енгізілуі Қазақстанның экономикалық белсенділік көрсеткіштеріне әсер етті», - деді Е. Досаев.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің алдын-ала бағалауынша, биылғы 4 айда ең көп төмендеу көлік (11%) және сауда (8,9%) сияқты қызмет көрсету салаларында байқалған.

«Осының аясында сәуірдің басында іскерлік белсенділікті қолдау мен экономиканы несиелеуге қолайлы жағдай жасау үшін Ұлттық банк 6 сәуірден бастап базалық ставканы 9,5%-ке дейін төмендетті, ал 27 сәуірде базалық ставканы сол деңгейде сақтап қалды. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, әлемдік шикізат нарығындағы ахуалдың оң дамуы және сыртқы жағдайлардың жақсаруы кезінде инфляция дәлізі биылғы мұнай бағасының бір баррель үшін 35-40 АҚШ долларына дейін өсуі кезінде 6-8% болуы мүмкін», - деді Ерболат Досаев.


Соңғы жаңалықтар