Әлемнің бірінші ракеткасы Даниил Медведев Astana Open турнирінде ойнайды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемнің бірінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев Astana Open ATP 250 турниріне қатысатынын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, биылғы дода елордада 18-25 қыркүйек аралығында өтеді.

Д.Медведев - 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының, 2020 жылғы ATP қорытынды жарысының жеңімпазы. Сондай-ақ ол үш рет «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалына дейін жетті.

«Даниил Медведевтің биыл үшінші рет өткелі отырған Astana Open додасына келетініне қуаныштымыз. Қазақстанда Рафаэль Надаль, Новак Джокович, Жо-Вильфрид Тсонга сынды әлемнің үздік теннисшілерінің өнер көрсетуі игі дәстүрге айналып келеді. Даниил өзінің спорттағы жолын біздің елімізде бастаған. Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың ойыншымен қарым-қатынасы жақсы, бұл оны осы жарысқа шақыруға мүмкіндік берді. Енді әлемнің бірінші ракеткасы елордадағы Ұлттық теннис орталығында өнер көрсетер күн де жақын», деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.

«Мен Astana Open турниріне қатысатыныма қуаныштымын. Мұнда маған дейін де атақты ойыншылар келген екен. Доданы асыға күтемін», деді Д.Медведев.

Ресейлік теннисші 2010 жылы 18 жасқа дейінгілер арасында Өскеменде өткен ITF Juniors G3 турниріне қатысқан. Ал 2016 жылы әлемнің 171-ракеткасы ретінде ATP Challenger сериясына енетін ҚР Президенті кубогына келген. Онда ширек финалда өзбекстандық Денис Истоминге жол берген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Уимблдонда оныншы рет өнер көрсететінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар