Валюта бағамдары:
    usd/kzt 477.98 eur/kzt 488.93

    rub/kzt 7.93 cny/kzt 70.82
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Әлемнің 38 еліндегі 44 миллион адам аштық алдында тұр – БҰҰ

2022 жылғы 19 мамыр 09:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - БҰҰ мәліметі бойынша әлемнің 38 еліндегі 44 миллион адам аштық алдында тұр, ал 811 миллионнан астам адамға тамақ жетпейді.

Бұл туралы БҰҰ штаб-пәтерінде өткен «Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі: іс-қимылға шақыру» министрлік конференциясында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, аталған конференция азық-түлік тапшылығына неғұрлым бейім елдердің кең тобын және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын мемлекеттерді біріктірді.

«БҰҰ мәліметі бойынша әлемнің 38 еліндегі 44 миллион адам аштық алдында тұр және 811 миллионнан астам адамға тамақ жетпейді»,- делінген хабарламада.

Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Германия, Италия, Пәкістан, Румыния, Түркия Сыртқы істер министрлері және БҰҰ-ға мүше 30 елдің өкілдері, сондай-ақ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы халықаралық ұйымдар басшылары, сондай-ақ Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация қатысты.

М.Тілеуберді сөзінде Қазақстан әлемдік нарыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ Ауғанстан аумағына халықаралық гуманитарлық көмекті жеткізудің сенімді жолдарын қамтамасыз етуге жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Қазақстаннан Ауғанстанға өткен жылдың қазан айында ауған халқы үшін 20 мың тонна ұн сатып алды.

«Осыған байланысты біз осы мәселеде барлық мүдделі және халықаралық құрылымдардың, соның ішінде Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі ислам ұйымының қолдауына және қатысуына үміт артамыз», - деп мәлімдеді министр.

Сонымен қатар, ҚР делегациясының басшысы серіктес мемлекеттерді мұқтаж елдер үшін ауыл шаруашылығы секторындағы еңбек өнімділігін арттырудың тиімді тетіктерін құру бойынша халықаралық қаржылық қолдауды күшейтуге шақырды.

Сол күні ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы тығыз ынтымақтастықтың серпіні мен перспективаларын талқылады.

Министр Жаңа Қазақстанды құру бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформалары және ҚР Конституциясына түзетулер енгізу бойынша алдағы референдум туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысына Мемлекет басшысы атынан биылғы жылдың 14-15 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне шақыру тапсырылды.


Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар