Әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго ЭКСПО-ны аралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Дүниежүзіне белгілі опера әншісі Пласидо Доминго Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атақты әншіні және оның отбасы мүшелерін Қазақстанның ұлттық павильоны саналатын «Нұр Әлем» сферасына әкелді.

Павильонның бірінші қабатында орналасқан «Қазақстанның қонақжайлылығы» бұрышында қонақтар «Ауыз тию», «Қонақасы», «Қонақкәде», «Ат мінгізіп, шапан жабу», «Сарқыт», «Бел көтерер» сынды қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен таныс болды және танымал әнші павильонның «Тілектер кітабына» өз лебізін жазып қалдырды.

«Қандай әсерлі, ғажап және керемет павильон! Бұл тарихтағы ең ұлы Көрмелердің бірі болып қалады! Құттықтаймыз! Доминго әулеті», - деп жазды маэстро.

Павильоннан шығарда маэстро және оның немерелері Пласидо мен Альваро өз тілектерін ойлап, павильон субұрқағына тиын лақтырды. Қызметкерлердің айтуынша, бұл жаңа «дәстүрді» келушілердің өздері ойлап тапқан. Тиыннан жиналған қаражаттың барлығы Астана қаласындағы балалар үйлеріне жіберіледі.

«Айтарға сөзім жоқ, бәрі керемет. Мен әлемнің түрлі көрмелерінде болған адаммын, онда ән айттым, іс-шаралар ұйымдастырдым. Ал бүгінгі көрме менің жадымда ең әсерлі, ең жарқын сәттердің бірі болып қалады. Себебі, мұнда болашақтың ғылымы салтанат құрған. Өзге ғаламшарға саяхаттағандай, болашаққа саяхат жасағандай сезімде тұрмын. Соңғы рет Астанаға 2009 жылы келіп едім, бұл аралықта көп нәрсе өзгеріпті. Астана шын мәнінде көз тартарлық қалаға айналған.Ал ЭКСПО секілді ауқымды шаралар Астанадай ғажайып қалаға туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді», - деді П.Доминго.

Айта кетейік,ЭКСПО-2017 бағдарламасы аясында 24-29 шілде күндері Астанада ҚР Мәдениет және спорт минстрлігінің қолдауымен әлемдегі ең беделді «Опералия Пласидо Доминго» опера байқауы өтті. «Опералияның» жиырма бесінші маусымына әлемнің 17 елінің дарынды 40 жас вокалистері қатысты, онда біздің отандасымыз, «Астана Опера» әншісі және көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Мария Мудряк жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Пласидо Доминго дауыс беруге қатыспайтыны белгілі, бірақ барлық байқау кезеңінде әншілерге белсене көмек көрсетеді: олардың шығармашылығы мен өнеріне қатысты ақыл-кеңес беріп, жол сілтейді.

Пласидо Доминго орындаудан кейін биске шақыру бойынша (101 рет) және ауқымды репертуары бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген. 2016 жылға дейін ол 147 рөлді сомдап,  әлемнің үздік сахналарында 3 800 рет өнер көрсеткен. Маэстро 500 рет дирижерлік пультті басқарып, жүзден астам фильм, аудио және бейнежазбалардың түсірілімдеріне қатысқан.

1 және 3 тамыз күндері елордада Пласидо Доминго және Еуропа, АҚШ, Қазақстанның опера жұлдыздары «Травиата» спектаклінде өнер көрсетеді.

null 

Соңғы жаңалықтар