Әлемге әйгілі Booking.com кеңсесінде 14 қазақстандық жұмыс істеп жүр

None
None
АМСТЕРДАМ. ҚазАқпарат - Booking.com отелдерінің онлайн-брондау жүйесі сөзсіз әлемдегі ең әйгілі жүйелердің бірі болып табылады. Айналып келгенде көп адамдар осы қызметті пайдаланғанымен, көбі аталмыш компанияның Амстердамдағы бас кеңсесінде 14 қазақстандықтың жұмыс істейтінін біле бермейді. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агентігінің тілшісі біздің отандастармен кездесіп, компанияның қызықты жұмысы, шетелдегі өмірлері мен қазақ жастарының арманы туралы кеңінен біліп қайтты.

Жұмысқа орналасу жайлы...

Бір қызығы, онда істейтін қазақстандықтардың бәрі програмист болып шықты. Отандастарымыз мың жарымға жуық қызметкері бар интернет-гиганттың ақпараттық технология департаментінде еңбек етеді екен.

Booking.com кеңсесіне жұмысқа тұру үшін олардың әрбірі іріктеу кезіндегі үлкен сындардан сүрінбей өткен. Алдымен жас өрендерге онлайн-тапсырмаларды шешу міндеті жүктеліпті. Осыдан кейін компанияның қызметкерлері телефон немесе Skype арқылы жұмысқа тұрғысы келетін жастармен тілдесетін көрінеді.

Егер әңгіме қорытындысы бойынша, жастардың үміткерлігіне ешқандай талас жоқ болса, үміткерлер Амстердамға - Booking.com кеңсесіне шешуші сұхбатқа шақырылады.

Сонымен қатар, компания Амстердамға ұшып келу/кету, тұру, тамағы үшін төрт күндік шығынды өзі көтеріп алады.

«Бұл - біздің қаламен танысып алуымыз үшін, онда тұра аламыз ба, жоқ па анықтау үшін жасалады», - деп түсіндіреді Кентау қаласының тумасы Илья Сидорович.

«Мен осы сұхбатқа келе жатқан кезде осында бес күн өткіздім. Сол аралықта музейге, басты алаңға барып, қала шеттерін аралап шығуға уақыт таптым», - деп қосты екі жыл бұрын осы компанияға жұмысқа тұрған Аман Өтемұратов.

Егер адам барлық талаптарға сай болса, оны бір айға созылатын сынақ мерзіміне алады да, содан кейін барып қана толыққанды келісім шарт жасалады.

Шетелдегі өмір

Жігіттер өз әңгімесінде қалаға көшіп келген алғашқы айларда өздері де қиындықтарды сезбегенімен, жұбайлары да қиналып қалғанын айтады. Бұл ең алдымен ағылшын тілін меңгеруге байланысты болып отыр. Себебі, компанияға жұмысқа тұрған қазақстандықтардың кейбірінің әйелдері ағылшын тілін білмеген екен.

Сонымен қатар, уақытында толтырылуы немесе ақысы төленуі тиіс қағаз-құжат жұмыстарына да уақыт бөлуге тура келген.

Бақыттарына қарай, жігіттердің жұбайлары шетелге көшу кезіндегі қиындықтарды еңсеруде көмектескен. «Отбасылық фронтта» Booking.com кеңсесінің де көмегі бар екен. Себебі, кеңсе қызметкерлердің туыстарына тілдік кедергілерді бағындыруына ғана емес, тіпті Нидерландыда жұмыс табуына да көмек қолын созатын көрінеді.
null

«Алғашқы алты ай өміріміз оңайға түскен жоқ. Бірақ, ол қиындықтардың бәрін сәтті еңсердік. Егер әйеліме бұл жер ұнамаса, менің осында қалуым неғайбыл еді», - дейді Амстердамға көшкен кезінде бірден босанған Джамшед Насридинов.

Адамның талғамына келгенде таласа алмайсыз. Алайда, Аместердамдағы өмір оларға өзінің айтарлықтай әсерін тигізген. Жергілікті тамаққа қазақстандықтар барынша бейімделгенімен, күнделікті теңіз өнімдерін көп тұтынатын голландтықтардың рационына біздің отандастар үйренбегендерін мойындайды.

Етті біздің жерлестер халал-дүкендерден сатып алады. Ондай дүкендер Амстердамда баршылық. Ал қарақұмық, ұнтақ ботқасы, ірімшік, қойылтылған сүт қатарлы өнімдерді олар «орыс дүкендері» деп аталатын сауда орындарынан табады.

Отандастарымыздың айтуынша, менталитеттердің арасындағы айырмашылық көзге ұрып тұрады. Мәселен, бір ғана құбылысты Қазақстан мен Нидерландыда екі түрлі қабылдауы әбден мүмкін.

«Голландтықтар жеке өмір мен жұмыс арасындағы балансты аса жоғары бағалайды. Мен олардың жұмыстағылармен қатты дос болып кететінін көрген емеспін. Олар жұмысқа тек еңбек ету үшін ғана келеді де, ал негізінен өздерінің ортасындағы адамдармен ет-жақын араласады», - деп атап өтті Илья Сидорович.

Booking.com компаниясының ерекшелігі туралы

Бір қызығы, IT-департаменттегі програмистердің басым бөлігі ТМД, Бразилия және Үндістан елдерінен келген жастар болып шықты. Голландтықтардың өзі бұл салаға аса құлшыныс танытпайтын көрінеді.

Booking.com компаниясының жұмыс тілі - ағылшынша жүргізіледі. Алайда қазақстандықтардың мойындауынша, үміткерлердің ол тілді білу деңгейі орташа ғана болуы ықтимал. Ең бастысы, ақпараттық технологиялар департаментінің қызметкері бағдарлама тілін білуі, атап айтқанда Perl және Java-да жұмыс істей алуы керек.

Орташа алғанда программист жылына 60-75 мың еуро табады. Бұл сома салықты алып тастағанда қолға түсетін ақша. Нидерландыда біліктілігі жоғары қызметкерлердің үлес салмағы 25 пайызды құрайды.

Онлайн-брондау саласындағы ірі компанияға жұмысқа тұрғаннан кейін медициналық сақтандыруға, тегін түскі асқа, сонымен бірге көлікке қатысты жартылай шығынды жабу мүмкіндігіне ие боласыз.

Әсіресе, велосипедті сатып алуыңыз ол жақта біршама қолдауға ие екен. Компания велосипедті сатып алуды шешсеңіз, шығыныңыздың жартысын жабуға кепілдік береді. Қысқасы, бұған таңданудың қажеті жоқ. Себебі, Амстердам - велосипедтер қаласы.

Компанияның кеңсесінде

 

Компанияның Амстердамдағы бірнеше кеңселері, көбінесе open space деп аталатын ашық кеңістік болып табылады. Жұмыс істеп жүрген жігіттер мұндай жайдың кемшілігін байқамай, артықшылықтарына назар аударады.

«Мұнда бәрі бірдей. Біздің бас директор Джиллиан Танс бізбен бірге асханада кезекте тұрады. Оның жеке кабинеті жоқ, барлық қызметкерлермен бірге отырады. Оның үстелі де, компьютері де біздікі секілді », - дейді компанияға жұмысқа тұрмас бұрын екі жыл АҚШ-та еңбек еткен Әлібек Датбаев.

Үлкен бөлмелердің тағы бір артықшылығы - барлық қызметкерлердің арасындағы қарым-қатынас еркін.

Дегенмен, компанияда қабырғалары бар бөлмелер баршылық. Ол орындар негізінен келіссөз жүргізуге арналған. Мұндай жеке-жайларға, Амстердам, Мәскеу, Оттава секілді астаналардың атаулары беріледі.

«Бізде бір идея бар. Компанияда осындай жеке бір бөлме ашылса, оны Қазақстандағы Алматы немесе Астана секілді қалалардың атымен атағымыз келеді. Біздің бәріміз дауыс береміз де, атау бойынша таңдауды жасаймыз», - дейді Джамшед Насридинов.

Жұмыстағы жайлылық үшін әр қабатта жаңа піскен жеміс толы жәшіктер тұрады.
null

Жұмыстағы қарым-қатынас жайлы

Програмистер жобалар бойынша 3-7 адамға бірігіп алып, еңбек етеді. Ешқандай бастық деген жоқ, тек командалардың көшбасшысы ғана бар. Олардың басты тапсырмасы - ұжымдағы моральдық рухты қолдау болып табылады.

«Команданың көшбасшысы кәсіби тұрғыда саған өсуге жол ашады. Адам ретінде жеке дамуыңа әсер етеді», - дейді Джамшед Насридинов.

Компания қызметкерлерінің арасындағы қарым-қатынастың іргетасы - сенімде жатыр. Егер ауырып қалсаңыз, онда үйде қала тұруыңызға болады. Ондай жағдайда сізден жұмыстан ешкім де анықтама сұрап, басыңызды ауыртпайды. Егер сырқатыңыз бес күнге созылған жағдайда ғана анықтама түрінде оны растайтын құжат алып келуіңіз керек.

«Бір-біріне көмектесу - компанияның мәдениетіне айналған», - дейді тағы бір отандасымыз Бекзат Тұрапбеков.

Оның айтуынша, Booking.com компаниясының қағидаты мынадай: Қателессең демек жұмыс істеп жатсың.

«Сен мұнда жетістігіңмен ғана емес, кемшіліктеріңмен де бөлісесің. Сүрініп қалсаң, бәрі де қолдауға әзір. Сондықтан өзімізді жұмыста жайлы сезінеміз. Бұл өте маңызды», - дейді Джамшед Насридинов.

Компания өзінің қызметкерлерінің интеллектуалдық дамуын керемет қолдайды. Жылына үш күн ниет білдірген қызметкерлер үш күнге толығымен жұмыстан босауға мүмкіндігі бар. Олар өздерінің уақытын белгілі бір зерттеу жұмысына арнауы мүмкін.

Сонымен қатар, компанияның қызметкерлері әртүрлі интеллектуалдық сайыстарға қатыса алады. Жылдың басында компания өзінің бас кеңсесінде математикадан олимпиада ұйымдастырған.

«Booking.com командасымен бірге, біз Нидерландыда компаниялар арасында өткен математикалық сайыстан Нидерландыда екінші орын алдық», - дейді мектеп кезінде республикалық олимпиадалардан жүлдеге ілігіп жүрген Мәди Сағымбеков.

 

Армандар мен болашаққа деген жоспарлар

Отандастарымыздың бәрі де Booking.com компаниясында 3-5 жыл жұмыс істегеннен кейін Қазақстанға қайтып, өз бизнесін бастауға тырыспақ. Тіпті Илья Сидорович секілді олардың кейбіреуі қазірдің өзінде біздің елімізде жобаларын іске асыруды көздеп отыр.

«IT-технологиялар саласындағы өз компаниясын құру - менің арманым болып отыр», - дейді Әлібек Датбаев.

Ол табыс кілті - мақсатқа ұмтылуда екеніне сенімді.

Ал Бекзат Тұрапбеков өз кезегінде, ең танымал онлайн қонақ үй брондау тәжірибесі бар компаниясынан алған тәжірибесінен кейін Қазақстанға қайтып, Сүлейман Демирель атындағы университетке оқытушы болып жұмысқа тұруды армандайды.

Біздің отандастардың келешекке деген сенімі зор. Өмірлері жайлы болса да, Booking.com компаниясын дамудың бір баспалдағы ретінде ғана қабылдайды. Олар Нидерландыда алған өмірлік тәжірибе мен кәсіби дағды әлемді өзгертуге, біршама жақсартуға көмектеседі деген сенімде.

 

Соңғы жаңалықтар