Әлемге әйгілі боксшы Рой Джонс Қарағандыға келеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыға ҚазКСР еңбегі сіңген жаттықтырушы Г. Жарылғаповты еске алуға арналған XXХІІI халықаралық бокс турниріне Рой Джонс келеді деп күтілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«19-24 желтоқсан аралығында Қарағандыда ҚазКСР еңбегі сіңген жаттықтырушы Г. Жарылғаповты еске алуға арналған дәстүрлі XXХІІI халықаралық бокс турнирі өтеді. 20 желтоқсан сағат 18.00-де С.Сәпиев атындағы бокс орталығында салтанатты ашылуы болады. Ашылу салтанатына олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Серік Сәпиев, 1980 жылы Мәскеу олимпидасының және 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиаданың қола жүлдегері, ватерполшы Сергей Котенко, Афиныдағы олимпиада жүлдегері, онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов қатысады. Турнирге әлемге әйгілі боксшы Рой Джонс келеді деп күтілуде», - деп айтылады хабарламада.

Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, турнирге Қазақстан, Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей мен Қырғызстан елдерінен 100-ден астам боксшы қатысады. Бес күн бойы 10 салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектер өтеді. Турнирді «Казспорт» арнасы тікелей көрсетілім жүргізеді.

Еске ала кетейік, жаттықтырушының ұлы, турнирдің ұйымдастырушысы Нұрғазы Жарылғаповтың шақыртуымен екі жыл бұрын Рой Джонс Қарағандыға келген болатын. Америкалық боксшы қазақстандықтардың қонақжайлылығына тәнті болған. «Мені қалай күтіп алғандары, барлығын таныстырып, көрсеткендері жүрегімде мәңгілік сақталады. Мен үшін қонақжайлылық, өзіңді сол отбасының бір мүшесі ретінде сезіне алу маңызды деп есептеймін. Қазақстандықтар барлығына жарқын жүзбен қарап, әрдайым кең пейілмен қарсы алады», - деп атап өтті танымал боксшы.

ҚазКСР еңбегі сіңген жаттықтырушы Г. Жарылғаповты еске алуға арналған XXХІ халықаралық бокс турнирінде Рой Джонс рэп-орындаушы ретінде қатысқан. Ол жанды дауыста үш әнін орындады. Шоу-бағдарлама барысында Рой Джонс жас қазақстандық боксшы Аблай Жүсіповке қолтаңбасы қойылған бокс қолғабын сыйға тартқан. Танымал боксшы сол мезгілде Қазақстанға әлі талай келетінін айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар