Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне 500-ден астам волонтер тартылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін ұйымдастыру мен өткізуге 500-ден астам волонтер көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Съезд жұмысына әлемнің 51 елінен 100-ден астам делегация қатысады деп күтілуде. Бұл ерекше және тарихи оқиға болмақ. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу үшін біз оны ұйымдастыруға көмектесетін 500-ден астам еріктіні тартамыз», - деді Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев елордада өтіп жатқан Орталық Азия волонтерлер форумы барысында.

Сондай-ақ, Сенат төрағасы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі 13-15 қыркүйек күндері Нұр-сұлтан қаласында өтетінін еске салды.

Оның айтуынша, айтулы шарада күтілетін құрметті қонақтардың қатарында Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың жоғарғы имамы Шейх Ахмед ат-Тайеб және басқа тұлғалар бар.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Сенат елімізде волонтерліктің дамуы мен салаға қатысты мәселелерді ерекше бақылауда ұстайтынын тілге тиек етті.

«Қазақстан Орталық Азиядағы парламентаралық әріптестермен волонтерлік қозғалысты ынтымақтастыққа дамытып, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», - дейді ол.

Айта кетсек, қазір елордада Орталық Азия елдері волонтерлерінің форумы өтіп жатыр .

Аталған шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Әзірбайжан, Беларусь және Ресейден 600-ге жуық волонтер қатысуда.


Соңғы жаңалықтар