Әлемдік туындылар студенттерге жоғары деңгейде білім беруге жол ашады - Абат Қыдыршаев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген әлемнің үздік туындылары студенттерге жаңа сапалық деңгейде білім беруге жол ашады. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мәдениет және өнер факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның пікірінше, бұл білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген құзіретті кәсіби мамандарды даярлауға алғышарт болмақ. Демек, қазақ елі болашағының негізі бүгінгі жоғары білім ордаларының базасында қаланары даусыз. Ал әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде басылуы көп кешікпей-ақ  жемісін берері сөзсіз. Ендеше, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді екшеп ала отырып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын әзірлеп ұсынуымыздың  дұрыстығына кім-кім де шек келтірмейді. Осы ретте осыншама келелі мемлекеттік кесек шаруаның оң бағытта басталғаны қуантады. Сең қозғалды.

Ел келешегінің қамы үшін алғы мақсат үдесіндегі алғашқы 18 оқулық басылым көріп, білім ордаларына беріле бастады. Елбасымыз  осы бастапқы 18 жаңа еңбектің тұсауын кесіп, қазақ жұртшылығына ақжарма түйінді тұжырымдарын тарата айтты.

Ғалымның пайымдауынша, бұл саладағы оқулықтардың құндылығы турасындағы бірер сөзді шәкірт түсінігіне сай айқын саралап алу артық емес. Мәселен, философия ілімінің дамуына үлес қосқан ойшылдардың тұлғасы мен шығармашылығына арналған «Философияның қысқаша тарихы» (Сократтан Дерридаға дейін) (Авторы - Дерек Джонстон) оқулығы  әр дәуірдегі ғылыми жаңалық, тарихи оқиға, әдеби көркем туындыларды философия тұрғысында талдауды мақсат еткен. Бұл ретте «Батыс философиясының жаңа тарихы» (Сэр Энтони Джон Патрик Кенин) туындысы төрт бөлімді философия ілімінің ежелгі заманнан бүгінге дейінгі дамуын толық қамтуды межелеген еңбек екені анық.

Сериалды еңбектің «Антика философиясы» аталған алғашқы томында ежелгі Жерорта теңізі маңындағы философияның тууы, өркендеуі хақында баяндай келіп, адами ойлау мен пайымдаудың таңғажайып өрісі қаншама адамзаттық өзгерістерге қозғау салары аңғартылып, ой мен қоғам дамуының бағыт-бағдарына бағышталған.

Бұған жалғас «Орта ғасыр философиясы» атты 2-томында автор Батыс философиясының жаңа тарихы турасындағы еңбегін біздің дәуірімізге дейінгі 400 жылдан, яғни, христиандық, исламдық ой-сананың негізін салушылардан бастап, Қайта өрлеу дәуіріне дейінгі аралықты қамтитын кезеңді баяндау бағытында өзіндік пайыммен тұщымды ой өрген. Ал француз ғалымы Реми Хесстің  «Философияның таңдаулы 25 кітабы» көрнекті ойшылдардың шығармаларын француз философиялық мектебі тұрғысынан таныстыруды мақсат тұтқан.

Кезекті «Әлеуметтану теориясы» (Джордж Ритцер, Джеффри Степницки) атты оқулықтардың бірі аталған сала ғылымының өзекті мәселелерін классикалық және қазіргі көзқарастарды ұштастыра талдауға негізделсе, екінші «Әлеуметтану негіздері»  (Дэвид Бринкерхоф, т.б.) атты туындысы  қоғам және оның құрылымы жөнінде  кең көлемді мәлімет беріп,  сәйкесті саланың негізгі ұғымдарын, зерттеу әдістерін саралауға арналған.

Жаңа гуманитарлық білім беру тобындағы «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» (Эллиот Аронсон) еңбегі әлеуметтік психологияға адам табиғаты мен болмысы арқылы жол салған ерекше туынды десе болады. Бұл саптағы «Қазіргі психология тарихы»  (Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульц) атты оқулығында осы ғылымның қалыптасуы кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі дамуы қамтылып, роботтар мен жасанды интеллект секілді жаңа құбылыстарды психология тұрғысынан талдау өзек етілген. Осыған орайлас «Әлеуметтік психология»  (Дэвид Майерс, Жан Туенж) оқулығы осы саланың негізгі бағыттарын толық қамтуды көздеген.

Ал «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»  (Светлана Тер-Минасова)  оқулығы түрлі ұлт және мәдениет өкілдерінің өзара ұғынысып, тіл табысуындағы маңызды тұстарға үңілуді көздеген. Осы салаға үндес «Тіл біліміне кіріспе»  (Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамс) оқулығы да тілдік өзгеріс, тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері,  тіл және адам миы сынды мәселелерді жаңаша талдауға арналған.

Бұл саптағы «Экономикс» (Грегори Мэнкью, Марк Тейлор) еңбегі экономикалық теория саласындағы идея мен  құбылыстарды мейлінше қарапайым әрі ұғыныңқы жеткізуге арналса,  «Менеджмент»  (Рики Гриффин) оқулығы - салалық дәстүрлі түсініктерді, жаңа ұғымдар мен тұжырымдарды  кеңінен қамтыған еңбек.

Көпшіліктің назарын аудартып, елең еткізген туынды  «Иудаизм, христандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану  баяны» (Карен Армсторнг)- әлемнің 30-дан астам тіліне аударылып, миллиондаған таралыммен басылым көрген дінтану саласындағы көрнекті еңбектердің бірі.  Турасын айтсақ, санамызға Құдайға сену ұғымы қалай орнықты? Адамзаттың Жаратушы туралы түсінігі  қалай өзгеріп отырған? Жаратушыны әлемдік үш дін (яхудилік, христиандық,  ислам) қандай сипаттарымен таниды? Бұл діндердің бір-біріне ықпалы қандай?   Автор осы сауалдарға жауап іздеу барысында бірқатар құнды ғылыми тұжырымдар жасаған. Еңбекте монотеизмнің тұтас тарихы қамтылған. Антикалық философиядан орта ғасырдағы мистицизмге, Қайта өрлеу мен реформашылық дәуірдегі рухани ізденістерден қазіргі заманғы скептицизмге дейінгі Жаратушыны тану тарихын баян еткен. Яхудилік, христиандық пен исламдық таным өрісі аясында адамзат ақыл-ойының Жаратушы туралы ұғым түсінігінің даму кезеңдері көрсетілген.

«Антропология тарихы мен теориясы»  (Алан Барнард) еңбегі антропологияның ғылым ретінде қалыптасуына шолу жасап, антропология туралы заманға сай,  пәнаралық түсінік қалыптастыруға негізделген.

Жоғарғы  аталған  еңбектерге жалғас ұсынылған «Төртінші индустриялық революция»  (Клаус Шваб) атты туындысы - қазіргі технологиялардың адамзат өміріне әкелетін түбегейлі өзгерістері туралы баяндайтын ойлы зерттеу. Сол сияқты «Медиаэтика» (Ли Энн Пек, Гай Рил)  оқулығы қазіргі журналистикадағы әдеп пен заң, адамгершілік пен ар-ождан, мораль мен этика мәселелерін нақты мысалдар арқылы талдауымен құнды.

Соңғы «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» (Дональд Куратко) оқулығы жастарды кәсіпкер болудың  қыр-сырына баулиды. Еңбек ХХІ ғасырдағы экономикалық, қоғамдық және әлеуметтік дамудың басты қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік құбылысты теориялық,  тәжірибелік тұрғыдан зерделеуге арналған. Кәсіпкерлікті жете түсіндіру мақсатында оның бастау, жоспарлау, қалыптасу және даму сатылары жүйелі де дәйекті талданған. Кәсіпкерлік идеясы аясында нарық талаптарына сай ойлау жүйесі мен инновацияның орны кең көлемде айқындалған. Мақсат - кәсіпкерліктің үздік тәжірибелерімен таныстыру, тәжірибелік, эксперименттік оқыту әдістері арқылы кәсіпкерлікке қатысты дағдыларды сіңіру.

«Қысқасы, әлемнің ең үздік деп танылған он сегіз туындысы қазақ тіліне аударылып, барша халықтың, соның ішінде, әсіресе, студент жастардың игілігіне айналып отыр. Асылы, талапқа сай беріле, түсіне, аса ыждағаттылықпен, табандылықпен ішіне түсе оқылған қай туынды да оқырманын ойлантпай қоймасы даусыз. Әсіресе, ұсынылып отырған қазақ тіліндегі әлемнің үздік оқулықтары - сүзгіден өткізілген ойға еселеп ой қосар таңғажайып еңбектер. Ендеше, оқып көрген адамның ой-санасы  өзгереріне сенімдіміз», деп түйіндеді ойын Абат Қыдыршаев.

Соңғы жаңалықтар