Әлемдік өнер жұлдыздары Нұр-Сұлтанда тегін концерт береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаздың алғашқы күндері Нұр-Сұлтан қаласында VIII халықаралық «Астана кештері» атты өнер фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маусым айының 3-7 аралығында өтетін «Астана кештері» өнер фестивалі - музыкалық өнер кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі. Биыл халықаралық фестиваль аясында отандық және әлемдік өнер жұлдыздары бір сахнада өнер көрсетіп, 5 қайырымдылық концертін өткізеді.

«Астана кештері» фестивалінің ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен аталмыш өнер мерекесін жыл сайын өткізу 2012 жылдан бері дәстүрге айналған. Фестивальдің басты мақсаты - халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнердің жауһарларын тамашалауға мүмкіндік беру. Сондықтан қайырымдылық мақсатта өткізілетін бұл жобаның концерттеріне барлық билеттер тегін таратылады. Әлемде теңдесі жоқ фестивальдің ерекше қонақтары - мүмкіндігі шектеулі жандар. Ұйымдастырушылар оларға концертке келуі үшін арнайы көлікпен қамтамасыз етеді», - делінген ұйымның хабарламасында.

Әлемнің үздік сахналарын бағындырған танымал өнер жұлдыздары классика, халық өнері, эстрада бағытындағы музыканың озық үлгілерін тарту етпек. Концерттер «Қазақстан» ОКЗ, «Астана опера» камералық залы, ҚазҰӨ орган залы сынды Нұр-Сұлтанның үздік саханаларында өтеді.

Биылғы фестиваль Қазақстанның ең үздік опера дауыстарының бірі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаевтың бенефисімен ашылмақ. Кеш қонақтары - Ресей Үлкен театрының жетекші солисі Анна Аглатова, А.Навои атындағы Өзбек мемлекеттік үлкен театрының солисі, Өзбекстанның халық артисі Рамиз Усманов, Мариинский театрының солисі Наталья Павлова.

«4 маусымда Камералық музыка кешінде итальяндық және қазақстандық сахна шеберлері өнер көрсетеді. Италияның атынан әлемге әйгілі альтист Анна Серова, фортепиано дуэті Марко Скьяво - Серджо Маркеджани, ал біздің елдің атынан әйгілі пианист, «Құрмет» орденінің иесі, «Forte Trio» мемлекеттік триосының жетекшісі Тимур Урманчеев, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка) және Мұрат Нарбеков (виолончель) шығады. 5 маусымда симфониялық музыкасүйер қауым заманымыздың ең таңдаулы пианисі Бехзода Абдураимова (Өзбекстан-АҚШ) және ҚР халық артисі Айман Мұсаходжаева сынды қос жұлдыздың концертіне барады», - делінген хабарламада.

Орган концерттеріне биылғы 6 маусымда Париждегі Әулие Николя дю Шардоне шіркеуінің органисі Мари-Аньес Граль-Мене келеді.

Фестиваль 7 маусымда «4 рояль & альт» аспапты концертімен аяқталады. Итальяндық альтист Анна Серова Қазақстанда тұңғыш рет Роберто Молинеллидің «Lady Walton's Garden» шығармасын орындайды. Сондай-ақ бұл концертті Абай атындағы МАОБТ бишісі Нельсон Пеньямен жұптасқан аргентиналық тангомен тәмамдайды.

Билеттерді «Қазақстан» орталық концерт залының кассасынан тегін алуға болады.

null

null

Соңғы жаңалықтар