Әлемдік нарықта бидай мен ұнға сұраныс артты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік нарықта бидай мен ұнға сұраныс артты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 3 жылда астық эквивалентіндегі ұн мен астық экспортының орташа жылдық көлемі шамамен 9 млн тоннаны құрады. «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның деректеріне қарағанда, 10 шілдедегі жағдай бойынша астық эквивалентінде 4,9 млн тонна астық пен ұн экспортын құрады. Атап айтқанда, Ресей мен Украинадағы геосаяси жағдайға байланысты әлемдік нарықта бидай мен ұнға сұраныстың артуы бұл өнімге деген экспорттың өсуіне ықпал етті», - деп аталып өткен аталған ведомствоның ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Министрліктің мәліметінше, енгізілген шектеуге және былтырғы құрғақшылыққа қатысты егін өнімділігінің төмендеуіне қарамастан, дәстүрлі түрде өнім өткізілетін нарықтарда бидай мен ұн экспортының қарқыны сақталады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан астық экспорты бойынша Еуропалы одақ елдерінің жаңа нарықтарына шығу жолдарын пысықтап жатыр.

Айта кетейік, Қазақстаннан бидай мен бидай ұнын сыртқа әкетуге шектеулер енгізілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл астық шығымы былтырғыдан 15 пайыз жоғары болуы мүмкін.

Маусым айында министрлік Қазақстандағы бидай қоры жаңа егінге дейін жеткілікті екенін жариялады.



Соңғы жаңалықтар