Әлемдік фильмдерді қазақша дубляждау: «Ла-ла-ла» қалай аударылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Монстрлар демалысы - 3» мультфильмінің құқық иелері қазақ аудармашыларына шығармашылық еркіндік берді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қазақша дубляждың режиссері Айжан Жамшитова айтып берді.

Қазақша дубляждың режиссері Айжан Жамшитованың мәтін қоюда мол тәжірибесі бар маман.

«Дубляж кезі қызыққа толы болды. Мультфильмді қазақшаға аударуда SONY Pictures аудармашыларға шығармашылық еркіндік сыйлады. Сол мүмкіндіктің нәтижесінде  әзіл-қалжыңдарды қазақыландырып, образға сай сөйлемдер тұрақты тіркестермен көркемделді. Ешқандай жасандылықсыз, кейіпкерлерді қазақшаға жатық етіп көрсетуге тырыстық. Тіпті Дракуланың «Ла-ла-ла» деп әндететін жеріне, қазақтың «Ләй-ләй-ли-хай-ләйлім» деген мақамын қостық. Дженнди Тартаковский керемет қызықты мультфильм түсірген. Ал егер көрермен осы фильмнің қазақшасын түпнұсқадай қабылдаса ол - дубляждың жетістігі»,-деді Айжан Жамшитова.

Сондай-ақ, бүгінде кинотеатрларда қазақ тілінде дубляждалған  фильмдерді көрерменге ыңғайлы уақытқа қою қолға алынуда.

«Кинотеатрлардағы қазақ тілінде дубляждалған фильмдерді көрерменге ыңғайлы уақытқа қоюды қолға алып жатырмыз. Sony, Disney сынды алып өндіріс компанияларының «Болашақ» қорының қазақ тілін дамытудағы жобасын қолдап отырғанына қуаныштымыз. Бұл жерде Үкімет пен көпшіліктің қолдауы да өте маңызды»,-деді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова

«Өзіңнен баста» атты Голливуд фильмдерін қазақ тіліне аудару жобасы Алматы әкімі Бауыржан Бәйбектің бастамасымен жүзеге асқан болатын. Ол 2011 жылдан бастап «Болашақ» КҚ төрағасы әрі «Болашақ» Ассоциация құрметті мүшесі.

Еске сала кетсек, «Монстрлар демалысы - 3» мультфильмі 5 шілде күні Астанада алдын ала көрсетілгендігі туралы жазған болатынбыз. 

«Монстрлар демалысы - 3» - «Болашақ» корпоративтік қоры қазақ тіліне дубляждаған 25-ші фильм. Дубляжға барлығы 30-дан астам актер қатысқан.

«Монстрлар демалысы - 3» фильмін 12 шілдеден бастап еліміздің барлық кинотеатрларында қазақ тілінде тамашалауға болады.

Соңғы жаңалықтар