Әлемдік діндер съезі: Хатшылық отырысында қандай ұсыныстар жасалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Осы жылдың 18 қыркүйегінде елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XVIII отырысы өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен дін көшбасшылары арнайы келіп қатысқан алқалы жиын барысында VI съездің қорытындысы шығарылып, Хатшылық қызметінің келешегі бойынша пікір алмасу өтті. Сондай-ақ 2021 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін өткізу бойынша ұсыныстар, съезд Хатшылығының ХІХ отырысын өткізу уақыты мен орнын анықтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен халықаралық шара барысында бірқатар өзекті мәселелер де көтерілді. Жиын өтерден бір күн бұрын Хатшылықтың арнайы жұмыс тобы бас қосып, бірқатар нақты ұсыныстар әзірлеген болатын. Мәселен, жұмыс тобы арнайы құжатпен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбегін мәңгі есте қалдыруды ұсынды.

«Жұмыс тобының барлық мүшелері бір ауыздан съездің (Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі) бірегей екендігін және оның 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс өтетіндігін атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың съезді шақырудағы, оның идеяларын әлемдік аренада ілгерілетудегі іргелі үлесі айрықша атап өтілді», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов.

Осы орайда, вице-министр аталған жұмыс тобы тарапынан Елбасының съезд жұмысын ілгерілетудегі ерен еңбегін арнайы құжат арқылы мәңгіге есте қалдыру туралы ұсыныс болғанын айтты.

«Осынау бастама аясында жұмыс тобының мүшелері арнайы құжаттың түрі мен форматын ойластыруға дайын екендіктерін білдірді. Аталған құжатты 2021 жылы өтетін 7-ші съезде қабылдауға болар еді. Онда съезд авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау бірегей жаһандық тұғырнамамызды құрудағы айрықша рөлі көрініс табады», - деді М.Әзілханов.

Келесі ұсыныс Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының мүшелеріне «Ерікті елші» атағын беру төңірегінде болды.

«Съезд хатшылығы мүшелеріне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің «Ерікті елшісі» атағын беру туралы мәселе жан-жақты талқыға түсті. Ерікті елшілер съезд атынан және тапсырмасымен түрлі әлемдік диалог алаңдарында съездің идеялары мен тұжырымдамаларын насихаттау бойынша сөз сөйлеу құқығына ие болар еді», - деді Марат Әзілханов.

Сонымен қатар, ол жұмыс тобының мүшелері алдағы съездің секциялық отырыстарының форматын өзгертіп, мазмұнын байыту мәселесіне қатысты да ұсыныстар бергенін айтты.

«Жұмыс тобының қатысушылары секциялық отырыстарды ұйымдастырудың жаңа форматтарын әзірлеу туралы шешім қабылдады. Жұмыс тобының барлық мүшелері Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығымен өз елдерімен, серіктес елдердегі беделді халықаралық ұйымдармен, ірі діни орталықтармен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді» - деді ол.

Тағы бір ұсыныс съездің әнұранын шығару төңірегінде болды. «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің әнұранын шығарту туралы өте қызықты шығармашылық ұсынысты жария еткім келіп отыр. Ұсыныс Ачария («Сомайя Бахаратия Санкрити Питам» үнді мәдени орталығының директоры - Кала Дхананджей Ачария) ханым тарапынан түсті. Ұсыныс өте қызықты. Осы ұсыныс қолдау тауып жатса, онда біз осы бағытта жұмыс істер едік», - деді Марат Әзілханов.

Соңғы жаңалықтар