«Әлемдік деңгейдегі университет Астанада бой көтеріп келеді» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Қарашаның 21-і. / ҚазАқпарат/ -  Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 21-і,  сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана - Бурабай автомагистралі құрылысының аяқталуына арналған рәсімге қатысты. Бұл рәсім Астанадан жеті шақырым жерде осы жол құрылысының басталуына байланысты тұрғызылған ескерткіш белгі тұсында болды.  Осы айтулы оқиғаға орай «Егемен Қазақстан» газетінде  «Жаңа жол - жаңа көзқарас» атты мақала жарық көрді. «Қазіргі уақытта «Астана - Бу­рабай» автожолында жобаны жүзе­ге асыру бойынша барлық жұмыс­тар толықтай аяқталды. Елімізде осындай алғашқы автомагистраль­дің пайдалануға берілгендігіне байланысты арнайы жазуы бар жол бойғы сәулеттік төлқұжаттың ашылу салтанаты өткізілді. Енді жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдаланушы қызмет тара­пынан жағдайды шапшаң бақылау және жүргізушілерге үнемі ха­барлап тұру мақсатында «Астана - Бурабай» автожолында ауа райы мен жол қозғалысы жағдайын бақылайтын жүйемен қам­тылған қазіргі заманғы зият­кер­лік-электронды жүйе енгі­зі­летін болады. Аталған жобаны кон­цессиялық негізде, яғни ав­тожолда ақылы жүйені енгізу ар­қылы жүзеге асыру жоспарланған», деп жазады басылым.

Бұл айтулы оқиға «Айқын», «Литер», «Экспресс К», «Казахстанская правда», «Комсомольская правда Казахстан» газеттерінің де назарынан тыс қалмаған. Мәселен, «Литер» басылымның жазуынша, кеше Елбасы ашқан Астана-Бурабай автобанының 1 шақырымымен жүріп өту жеңіл автомобильге - 4, жүк автокөліктеріне - 25, автобустарға - 10 теңге болмақ. Сонымен қатар төлем жинаудан түсетін орташа жылдық түсім 8 миллиардты құраса, жол күтіміне жыл сайын 3 миллиард теңге жұмсалады. Жалпы жоба өзіне кеткен шығынды 15 жылдың ішінде ақтайды.  Ал «Экспрес К» газетінің Көлік және коммуникация министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, бұл Астана-Бурабай магистралі Қазақстандағы ең көп көлік жүретін жолдардың бірі. Сондықтан 2005 жылы Үкімет көлік қозғалысын алты жолаққа дейін ұлғайтуға шешім қабылдаған. Бұл күніне 40 мың автомобильдің жүруіне мүмкіндік береді. «Казахстанская правда» басылымының жазуынша, автобанның құрылысы 2006 жылдан бері жүргізіле бастаған. Жобаның жалпы құны 114,4 млрд. теңгені құрайды. Оны жүзеге асыруға 5 жол-құрылыс компаниясы қатысып, 1,4 мың техника мен 3,5 мыңнан астам жұмысшы тартылған.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ынтымақтастық аясындағы тың серпін» атты келесі мақалада кеше Ялтада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оған ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысқандығы айтылған. Басылымның жазуынша, ТМД мемлекеттерінің бірқатарында маусым айынан бастап өнеркәсіп өндірісінің көлемі аздап өсе бас­таған. Сарапшылардың пікірі бойынша, Достастық елдерінің ре­цессиядан шығып, экономикалық тұрақтануы келесі жылдан бастау алады деп күтілуде. Бұл ретте Қазақстанның дағдарысқа қарсы жасаған мемлекеттік шаралары барынша тиімді деп танылды. ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Ялтадағы басқосу аясында өткізген екіжақты кездесулерінің барысында да бұл мәселе ерекше айтылды. Атап айтқанда, Кәрім Мәсімов Украинаның Премьер-Министрі Юлия Тимошенкомен және Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Владимир Путинмен кездесулер өткізді. Бұл кездесулерде аталған елдермен екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

«Әлемдік деңгейдегі университет Астанада бой көтеріп келеді». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей желі барысында Астанада ұлттық білім беру жүйесінің барлық артықшылықтары мен үздік әлемдік ғылыми-білім беру тәжірибесін үйлесімді қамтитын, Қазақстанның ұлттық брэндіне айналатын ерекше үлгідегі халықаралық жаңа университеттің құрылғанын хабарлаған болатын. Осыған орай «Астананың жаңа университеті» АҚ-ның президенті Аслан Саринжипов «Егемен Қазақстан» басылымына мақала берген. Оның айтуынша, «Астананың жаңа университеті» жобасы -  бұрынғы кеңестік кеңістіктегі теңдесі жоқ, бірегей жоба. Осы университеттің құрылуы жас қазақстандықтарға елден тыс жерлерге шықпай-ақ, әлемдік стан­дарттарға сай білім алуға мүмкіндік береді. Жаңа университет қуатты және инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі за­ман­ға сай ғылыми инфрақұры­лымы бар білім ордасы болуды мақсат етеді. Универ­си­­тетке ең жақ­сы ұлттық және халықаралық зерттеушілер шақы­рылып, олардың шығармашылық қызметі үшін барлық қажетті жағдайлар жаса­латын болады.

Бір кездері еліміздің бетке ұстар би ансамблі атанып, атағы дүркіреген «Гүлдер» ансамблінің құрылғанына да биыл 40 жыл толыпты. Талғампаз көрермен аталмыш ансамбльдің толысқан шағына да, тарыдай шашырап, тоқыраған кезеңдеріне де куә болды. Осыған орай талай танымал әртістеріміздің тұсауын кесіп, өнер дейтін әлемге жолдама берген ұжымның, яғни «Қазақ әуендері» АҚ «Гүлдер ансамблі» филиалының қазіргі көркемдік жетекшісі әрі директоры Жеңіс Сейдоллаұлымен арадағы сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінде «Солған «гүлдер» болмасын...» деген тақырыппен жарық көрді. Сонымен қатар аталған өнер ордасында талай жыл жемісті еңбек еткен бірқатар өнер майталмандарының пікірлері жарияланған.

                                                                           ***

Бала құқықтары жөніндегі БҰҰ Конвенциясының қабылданғанына кеше 20 жыл толды. Осыған орай халықаралық ұйым өкілдерінің шешімімен танымал әнші, композитор Батырхан Шүкенов Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің тұңғыш елшісі болып сайланған еді. Осы жайтқа байланысты «Айқын» газеті Б.Шүкеновтен сұхбат алған. Екеуара әңгіме «Бала тағдырына бей-жай қарауға болмайды» деген тақырыппен жарияланған. Сұхбат барысында «Менің отаным - Қазақстан. Сондықтан қазір мені басқа елдің мәселесі қатты мазалайды деп айта алмаймын. Ең әуелі өз мемлекетіме, өз халқымның ұл-қызына қызмет ете алсам да үлкен абырой болмақ», депті әнші.

Әншінің Қазақстанның  ЮНИСЕФ-тегі елшісі болып сайлануына орай «Комсомольская правда Казахстан» газеті де мақала берген.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - бокстан КСРО-АҚШ матчтық кездесуінің жеңімпазы Жандос Көкімов.

Былғары қолғап шеберінің спорттағы жетістіктері, қазіргі атқарып жүрген қызметі, боксқа қатысты көзқарасы қызықтырса, осы басылымның сенбілік санында жарық көрген «Солақай саясаттың салдарынан талай қандасымыздың бағы байланды» деген тақырыпппен берілген сұхбатты оқыңыздар.

«Айқын» басылымының жазуынша, биыл ел тарихында бұрын-соңды болмаған көлемде өнім жинаған диқандарға демеу болуы үшін мемлекет оларды марапаттауды ұйғарған.   Осы мақсатта кеше Президент жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия өз отырысын өткізген. Жиынға төрағалық еткен Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев рекордтық астық алуына орай биылғы жылы ауылдың айрықша көзге түскен еңбеккерлерінің мемлекеттік наградаға ұсынылатынын мәлім еткен. Ал ол медальдар мен ордендер өз иелеріне Тәуелсіздік күні, яғни желтоқсанның 16-ында Ақордада өтетін рәсімде салатанатты түрде табысталмақ. Аталған жайтқа орай жарияланған мақала «Диқандар мемлекеттік наградаға ұсынылды» деген тақырыппен берілген.

***

Кеше Астана қаласының бюджетін қайта қарау мақсатында мәслихат депутаттары бас қосқан. Аталған жайтқа орай «Астана ақшамы» газетінде «Бюджеттік бағдарламалар баяны» атты мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, кейбір бағдарламалардың әкімшілері оған бөлінген қаржыны игере алмайтын болғандықтан бас тартқан. Мәселен мәслихат депутатының айтуынша, бүйрек ауруларына бөлінген қаражат 10 868 мың теңге азайтылған. Алайда елордада бүйрек ауруына шалдыққандар өте көп екен. Ал бүгінде № 1 аурухананың жөндеуге жабылуына байланысты Диалездік орталық қана жұмыс істеуде.

Бұл мәселе «Вечерняя Астана» газетінде де егжей-тегжейлі жазылған.

«Астана ақшамы» басылымның «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» атты тұрақты айдарында қала әкімі И.Тасмағамбетов елорда тұрғындарын толғандырып жүрген сауалдарға тұшымды жауап берген.

Осы басылымда белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереевамен арадағы сұхбат «Біздің қоғам дүниеқоңыздықтың құрбаны болып барады» деген тақырыппен жарияланған. «Астана ақшамы» газетінің сауалдарына тұшымды жауап берген ақын «бүгінде баюды көздеген адам санасы құлықсыз болып барады. Осыны дұрысталық деп дінді әкелдік. Ислами тұрғыдан тәрбие мәселесін шешуді көздедік. Алайда кейбіреулер бір жағына бұрылып алып, діннің шырқын бұзуға беттеді. Біреуі уақапшы, біреуі тағы бір сектада. Мешітке барған дұрыс. Бірақ біреулер ұрлықты жасап жүріп, мешітке барады. Кімді алдайды? Өзін бе, әлде Құдайды ма?», депті.

«Казахстанская правда» газеті ҚР Президентіне «тікелей желі» барысында түскен  сұрақтарға жауаптарды жариялай бастады. «Тікелей желі» барысында call-орталыққа түскен сауалдардың 150-ден астамы әлемдік қаржы дағдарысына, оны еңсеруге байланысты Үкіметтің атқарып жатқан шараларына, жалпы осы дағдарыстың қашан аяқталатынына байланысты болған еді. Осы мәселелерге қатысты сұрақтарға ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың жауаптары аталған басылымның сенбілік нөмірінде жарық көрген.

«Экспресс К» басылымының жазуынша,  таяу арада шенеуніктердің жемқорлыққа қатысты әрекеттерін зерттеген журналистке алғыс пен жоғары қаламақымен қатар 5 жыл абақтыға жабылу қауіпті төнуі мүмкін. Парламент жеке өмірді қорғау туралы заң жобасын қабылдады. Депутаттардың пікірінше, шектен тыс әуестікті айыппұлмен қатар түрмеге қамау мерзімімен де жазалау қажет, деп жазады басылым.

 

Соңғы жаңалықтар