+7 (701) 759 90 19
USD 427.93 EUR 506.71
RUB 5.55 CNY 64.29
Jańalyqtar

Әлемдік деңгейдегі опера театрларымен тереземіз тең - Азамат Жылтыркөзов

2020 жылғы 27 қыркүйек 11:37
Бөлісіңіз:
Әлемдік деңгейдегі опера театрларымен тереземіз тең - Азамат Жылтыркөзов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 2-3 қазан күні «Астана Опера» мемлекеттік Опера және балет театрының Камералық залы сахнасында Г.Доницеттидің атақты «Дон Паскуале» операсының премьерасы өтеді. Осыған орай «ҚазАқпарат тілшісі» премьераға дайындық барысымен танысып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтен сұхбат алып қайтты. Ол карантин кезінде немен айналысқанын, карантиннен кейін көрермендермен қауышқанда қандай әсер алғанын және болашақ жоспарлары туралы айтып берді.

Ұқсас жаңалықтар
Түркістан ірі ұлттық қолөнер орталығына айналады Мәдениет және спорт министрлігі «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын іске қосты «Менің Қазақстаным» халықаралық музыка челленджі аяқталды

«Дон Паскуале» операсы жетінші маусымның ортасында, сәуір айында қойылуы керек болатын. 16 наурыздан бастап коронавирус індетінің таралуына орай елімізде карантин жарияланып, репетициялар тоқтап қалған.

Осы себепті бұл опера сегізінші маусымға ауыстырылды. 2-3 қазан күні «Астана Опера» мемлекеттік Опера және балет театрының камералық залында қойылады. Көрермендер болатын-болмайтыны шешіліп жатыр, бірақ көрерменнің қолдап-қолпаштауынсыз, ізет-ілтипатынсыз өнер көрсету қиын. Қазіргі уақытта дайындығымызды тоқтатпай жүргізіп жатырмыз, - дейді Азамат Жылтыркөзов.


Оның айтуынша, жобаның музыкалық жетекшісі – Озимодағы Академия профессоры, аты әлемге танымал опера әншісі Алла Симонишвили (Италия)

«Сахнаны безендіру, декорация, костюмдер бойынша суретшісі әрі қойылымның сценографы – Манана Гуниа. Олармен онлайн байланыстамыз. Италия мен Қазақстанда уақыт айырмашылығы 4 сағат. Бізде сағат 11:00 болса, оларда таңғы 07:00 болып тұрады. Олар жұмыс кестесін біздің ыңғайға келтірді. Операның қоюшы режиссері – Наталья Кагадий, театрымыздың дирижері – Абзал Мұхитдинов. Жақсы туынды дүниеге келеді деп ойлаймыз», - дейді ол.

Бұл операда бес кейіпкер, бесеуі де – басты кейіпкер.

«Менің кейіпкерім – Малатеста бай әрі бойдақ Дон Паскуаленің дәрігері. Қартайған бай Дон Паскуале дәрігеріне өзімен бірге тұратын жиенін үйлендіріп, бөлек шығарып, өзі жас әйел алғысы келетінін айтады. Оқиға желісі дәрігер Малатестаның қарияны жас жесір әйелмен таныстырудан басталады. Біз операға дайындық барысында осы туындының тарихымен танысып, оқиға желісіне терең үңіліп қараймыз. Бұл 1842 жылы жазылған опера. 1843 жылы премьерасы Парижде қойылған. Бізге режиссер де бағыт-бағдар беріп отырады. Мысалы, біздің сахналық киімдеріміз қазіргі заманға лайық, жоғары талғаммен, сапалы тігілген», - дейді Азамат Жылтыркөзов.


Оның айтуынша, операда кімге қай кейіпкер берілетіні ең алдымен дауыс мүмкіндігіне қарап шешіледі.

«Мысалы, мен баритон дауыспен айтамын. Театрда бірнеше баритон дауыс бар: Талғат Мұсабаев, Талғат Ғалиев, Ержан Саипов. Ержан екеуміз екі құрамда бір рөлді сомдаймыз. Біреуіміз ауырып қалған жағдайда екіншіміз алмастырамыз. Кейіпкерлерді бөлген кезде дауыс мүмкіндігіне, одан кейін мінезге және актерлік шеберлікке қарайды», - дейді ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріне классикалық музыкамен айналысуына анасы ықпал еткен.

«Опера саласына кездейсоқ келу деген болмайды. Бала кезімде Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев сияқты классикалық өнер майталмандарын теледидардан жиі көрсететін. Сол кезде мен: «Өскенде менің дауысым Ермек Серкебаевтың дауысы сияқты болады» деп айтатынмын. Расымен солай болды. Анам музыка училищесінде оқыған. Ол оқып жүрген кезде мені құрсағында көтеріп жүрген. Ән айту қабілеті маған анамнан дарыды деп ойлаймын. Бала кезімде музыка мектебінде, кейін Қазақ Ұлттық музыка академиясында оқыдым. Ереван консерваториясында магистратураны бітірдім. 2010 жылы ҚР Мәдениет министрлігі тарапынан Австрияға барып, жарты жыл бойы тәжірибемді шыңдап, біліктілігімді арттырып келдім», - дейді «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының опера труппасының басшысы.

Азамат Жылтыркөзов 2007 жылдан бастап опера әшісі ретінде жұмыс істей бастаған.

«1998 жылы елордада Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Осы Академияда оқу үшін 2001 жылы Талдықорғаннан отбасымызбен арнайы көшіп келдік. Академияда оқып жүрген кезімде Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балыт театрына жас солистерді қабылдады. Ол кезде 2 курс студенті едім. Театрда Евгений Онегин қойылымы қойылатын болып, мені жас Онегиннің рөліне сәйкес келеді деп шақырған. Студент бола жүріп театрдың солисі ретінде жұмыс істеу тарихта болмаған жағдай десем болады. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева Қыз Жібек партиясын айтуға 4-5 курста оқып жүрген кезде шақырылған екен. 2007 жылдан бастап осы театрдың солисімін», - дейді ол.

Ол қазақ туындыларынан жанына жақыны – «Абай» операсы екенін айтты.

«Мен бұл рөлді 23 жасымда сомдадым. Бұл рөлді Ермек Серкебаев атамыз 27 жасында сомдаған екен. Бұл да өзім үшін рекорд орнатумен бірдей. Евгений Онегиннің рөлін өте жақсы көремін. «Жібек саты» операсындағы мен сомдайтын Жермано рөлін де жақсы көремін. Сол кейіпкер мен «Дон Паскуаледегі» Малатеста рөлі бір-біріне ұқсайды. Екі қойылымда да бұл кейіпкерлер екі тарапты татуластырушы, байланыстырушы болып жүреді. Бұл рөл сонысымен ұнайды. Сомдағым келетін кейіпкер қатары көп. Қазіргі уақытта осы театрымызда 14 операмыз бар. «Дон Паскуале» – 15-опера, желтоқсан айында «Махаббат шарабы» деген опера үлкен сахнада қойылады деп үміттеніп отырмыз. Алдағы уақытта жаттайтын партиялар көп», - дейді Азамат Жылтыркөзов.

Ол карантиндегі уақыты қалай өткені туралы да жеткізді.

«Карантин кезінде бәріміз үйге музыкалық аспап сатып алдық. Театрға келуге тыйым салынғандықтан, үй жағдайында дайындалып жүрдік. «Карантиндегі жұлдыз» жобасына қатыстық. Опера әншілерінен Майра Мұхамедқызы бірінші болып онлайн концерт беріп, біз жалғастырдық. Сондай-ақ отбасымызға уақыт бөлдік. Менің жұбайым да – музыкант, сондықтан маған үйде дайындалу қиын болған жоқ. Ал көршілерім өздерімен бірге опера әншісі тұратынын біледі, сондықтан олар да түсіністікпен қарады. Әрине, түнгі оннан кейін тыныштық режимін сақтадым», - дейді ол.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының опера труппасының басшысы бұл салада жалығып көрген кезі болмағанын айтты.

«Музыканың шегі де, шыңы да жоқ. Қанша ай, қанша жыл өтсе де опера жанры мәңгілік өмір сүре береді. ХІV ғасырдан бастау алған опера жанры әлі күнге дейін қаймағы бұзылмаған қалыпта келе жатыр. Режиссерлердің қабілетіне қарай сахналық киім және басқа да өзгерістер болуы мүмкін, бірақ негізгі қаңқасы, яғни бір де бір нотасы өзгерген жоқ. Мен 30-ға жуық халықаралық, республикалық опера әншілерінің байқауына қатыстым. Көп елде болып, жүлделі орындар алдық. 2010 жылы Бибігүл Төлегенованың халықаралық конкурсында бас жүлде алдым. Украинада өткен А.Нежданова атындағы байқауда бас жүлдеге ие болдым. Бакуда өткен опера әншілері арасында өткен байқауда да бас жүлде алдым. 2011 жылы 25 жасымда «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атағын алдым. Опера әншісі Күләш Байсейітова КСРО Халық әртісі деген ең жоғары атақты алған кезде небәрі 24 жаста болған екен. Мұндай жүлделі орындар мен атақтар адамға ешқандай артықшылық бермейді, керісінше оның бәрі мен үшін – сынақ. Мұның бәрі еңбектің нәтижесі. Мысалы, шетелде өнер көрсеткен кезде саған бәрі сын көзбен қарайды. Әріптесім Медет Жотабаев «Италияның жұлдызы» деген орден алған алғашқы қазақстандық опера әншісі. Мұндай жетістікке жету үшін олардан асырып орындау керек. Қазір бүкіл әлемнің опера театрлары бізбен санасады. Біздің театрдың керегесі әлемдік деңгейдегі театрлардың терезесімен тең», - дейді Азамат Жылтыркөзов.

Ол карантиннен кейін 50 көрерменнің қатысуымен өткен гала-операда қандай сезімде болғанын айтты.

«Гала-операға келген 50 көрермен біз үшін залда ине шаншыр орын қалдырмай отырған көрерменмен тең болды. Жарты жылдық үзілістен кейін 50 көрерменнің өзі осындай керемет шабыт сыйлайды. 50 көрермен ғана отыр деген жоқпыз, біз бар жан-тәнімізбен беріліп өнер көрсеттік. Өнер адамы үшін жарты жыл сахнада өнер көрсетпеу деген жарысқа қатысудан шеттетілген спортшымен тең. Гала-операда театр қоржынында бар 15 операның бес-алтауынан үзінділер орындадық. Декорация да, сахналық киімдеріміз де керемет болды. Екі күн бойы 1 сағат 40 минут өнер көрсеттік. Солистердің барлығына өнер көрсетуге мүмкіндік беру үшін осылай істеді. Опера әншісі бірнеше минут сахнада тұрын өнер көрсетуі үшін сахна сыртында қаншама адам еңбек етеді. Олардың еңбегі орасан зор. Олар: жарық қоюшылар, видеоинженерлер, сахнаны көтеріп, түсіріп, декорацияны қозғалтатын механик инженерлер, сахналық киімдерімізді дайындаушылар. Бұл мамандар болмағанда біздің өнеріміз айтарлықтай әсерлі болмас еді», - дейді ол.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Зарина Қаһарман

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT