Әлемдік деңгейдегі дипломат –КСРО-ның Сауд Арабиядағы алғашқы өкілетті өкілі жайында

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ежелден көшпенділер, түркілер, қазақтар қызыл сөзді қадір тұтып, сұхбат пен ынтымақтастықты ауыздан шыққан сөз арқылы жігін жатқызып отырған. Дәл осы үрдіс егемен қазақ елі дипломатиясының дамуына да септігін тигізіп отыр.

Түркі қағанаты дәуірінде Күлтегін бүгінгі Моңғол даласында тасқа қашап жазылған руна жазбаларын қалдырды. Ол туған ағасы, ел билеген Бұмын қағанның ерлік жолдарын жырға қосып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етті.

Ұлы далада қызыл сөздің күшімен түрлі тартыстар мен дау-дамайларды шешкен, екі жақты татуластыратын жыраулар мен жыршыларды, ақын-билерді, хандарды қадір тұтты. Сөз құдіреті, ақылы мен дипломаттық өнерінің арқасында қазақ хандары Қытай мен Ресей секілді алып мемлекеттің ортасынан орын тепкен. XX ғасырда тәуелсіз Қазақстан атанған байырғы Дешті қыпшақ даласының ұлан-ғайыр атырабын сақтап қала алды.

2 шілде Қазақстанда Дипломатиялық қызмет күні атап өтіледі. Қазақ дипломатиясының бастауы Қасым ханнан, 16 ғасырда Мәскеумен сауда және саяси қарым-қатынас орната білген оның баласы Хақназар ханнан басталады. Тәуекел хан да олардың ізін жалғасытырып, елдер арасында жақсы қарым-қатынас орнауына себепкер болды.

18 ғасырда Абылай хан Қазақ хандығының күшін біріктіріп, мықты әскери мемлекетті қалыптастырды. Ол өзінің саясатын Ресей мен Қытай империяларының арасындағы Қазақ хандығының геосаяси жағдайына сәйкес жүргізді. Абылай хан Цинь империясымен дипломатиялық қарым-қатынасты үзбей, Ресей мен Қытай арасындағы кикілжіңдерді Қазақ хандығы пайдасына шешіп отырды. Ал Қазақ хандығының дипломатиялық байланыстарын кеңейту үшін ол Ауғанстан басшысымен диалог жүргізді және Түркияға елшілерді даярлады.

Көшпелілер дәстүрінде қытай, моңғол, орыс дипломатиясының тәжірибесі игеріліп, XVII ғасырдан бастап Ораз Мұхаммед, Төле би, Қазыбек би, Әйбеке би, Шоқан Уәлиханов, ХХ ғасырда Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Нәзір Төреқұлов сынды қазақы мәнерде байланыс орната алатын бітімгерлер легі өсіп шықты.

Биыл қазақтан шыққан тұңғыш өкілетті өкіл Нәзір Төреқұловтың туғанына 130 жыл толады.

Ол жайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Нәзір Төреқұлов өткен ғасырдың 30-жылдарының саяси көкжиегін жарқыраған құйрықты жұлдыздай шарпып өтті. Ол шын мәніндегі ауқымды тұлға еді. Әрине, мұндай тұлға сталиндік режимнің тар қапасына сыймайтындығы анық еді. Соған қарамастан, Нәзір Төреқұлов тағдыры қайда апарса да, өзін зерек, жігерлі тұлға, Кеңес мемлекетінің жарқын болашағына шын жүректен сенетін ғұлама саясаткер ретінде көрсетті. Ол нағыз патриот еді. Ол өзін өсірген, үлкен өмірге жолдама берген халқының, жерінің патриоты болды. Н.Төреқұловтың мемлекет қайраткерлеріне ғана тән көшбасшылық қасиеті қырағы сарапшылық талантымен ұштасып, өмірінің дипломатиялық кезеңінде барынша айқын көрінді», деп жазған еді.

Саяси ғылымдар докторы, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы Елшісі Тайыр Мансұров Н.Төреқұловтың өмірі мен шығармашылығын егжей-тегжейлі зерттеп, алғашқы қазақ елшісі жайылы «Өкілетті өкіл Нәзiр Төреқұловтың араб дастаны», «Елшi Нәзір Төреқұлов. Дипломат, саясаткер, азамат», «Нәзір Төреқұлов», «Тұлғалық таным. КСРО Өкілетті өкілі Нәзір Төреқұлов» сынды бірнеше кітап жазды.

«Мен Ресей Федерациясының сыртқы саясатының мұрағатында және басқа да орталық мұрағаттарда, оның ішінде КОКП Орталық комитетінің, ФҚК мұрағаттарында сақталған құжаттарды толықтай дерлік ала алдым. бірнеше ондаған жыл бойы Нәзір Төреқұловтың есімі мүлде ұмыт болды, дипломатиялық анықтамалықтан ол туралы екі-ақ ауыз сөзді кездестіретін едік. Бұл құжаттарды талдау және зерделеу оның толық бейнесін жасауға және қазақ халқының біртуар перзенті, Сауд Арабия корольдігінде 8 жыл бойы КСРО өкілетті өкілі болған Нәзір Төреқұловтың еңбегі туралы бірнеше ғылыми және көркем кітаптар шығаруға мүмкіндік туды. Бұл кеңестік дипломатияны жасаушылардың бірінің осы тамаша тұлғасын жадымызға қайта оралтуға мүмкіндік берді», - деді Тайыр Мансұров.

Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Коқанда мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді. Жас кезінде алған тәлім-тәрбиесі, бойындағы аңғарымпаз ақылы мақсаткерлік, алға жетелеген күш-қайрат секілді табиғи дарын-қабілетімен ұштасқан оның жан-жақты білімі Төреқұловты өзгеше, жарқын істерге толы болашақ күтіп тұрғанын аңғартқандай еді.

Қазақ, өзбек және орыс тілін бірдей жақсы білген ол классикалық орыс әдебиетінің үлгілерімен жас кезінен таныс болып, әкесі жаздырып алатын газет-журналдарды оқып өсті. Нәзірдің білім алуы, өзі жазғанындай, «жаңа үлгідегі дінге» ден қойған Қоқандағы «Жәдит» медресесінен басталды. Балалық шағында осылай медресенің араб әліпбиін үйренуі, оқи және жаза білуі, намазды, қасиетті «тахфиз әл-Құран әл-Кәрімнің бірқатар сүрелерін жатқа білу сияқты негізгі оқыту бағдарламасын игеруінің кейіннен Төреқұловқа исламның қасиетті мекені Сауд Арабиясында жас кеңес мемлекетінің өкілі болып қызмет еткенде көп көмегі тиді.

Діни «Жәдит» медресесінде үш жыл білім алғаннан кейін Нәзір 1902 жылы Қоқанда ашылған «орыс-түзем» мектебінің табалдырығынан аттады. Ал, екі жылдан кейін ол Қоқан коммерциялық училищесіне оқуға түсті. Бұл оқу орнының қабырғасында өткен сегіз жылда қаржы мен коммерция саласында негізгі білім алумен қатар, дүниетанымының да кеңеюі Төреқұловтың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті.

Тайыр Мансұровтың жазуынша, Нәзір өзінің білімін Мәскеу коммерциялық институтында жалғастырды. Бұл жерде оған француз және неміс сияқты еуропа тілдерін тереңірек білуге мүмкіндік туды. Төреқұлов оларға қоса түрік тілін де білді. Осылай ол кәсіпқой дипломаттың табысты жұмыс істеуіне аса қажет қасиет иесі – нағыз полиглот болды. 1914 жылы бұрқ ете түскен Бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі аласапыранды оқиғалар балам коммерсанттық жолды таңдайды деген Нәзірдің әкесінің үмітін біржолата үзді. 1917 жылғы Қазаннан кейін және Орталық Азияда жаңа өкімет орнағаннан бастап, таптық күресте біршама шыңдалып, тәжірибе жинақтаған Төреқұловтың саяси қызмет мансабына кең мүмкіндіктер ашылды.

1918 жылғы қазанда ол большевиктер жағына шықты. РКП(б) мүшелігіне қабылданысымен, өз еркімен Қызыл армияға жазылды және Түркістандағы Атты әскер саяси басқармасының бастығы болып тағайындалды. Осы кезден бастап оның саяси қызметінің өсу жолы күрт өрлей түсті. Оған қоса, революциялық арынның ықпалымен осы кезеңде Төреқұловтың публицистік, бұқаралық-мәдени және ағарту жұмыстарын ұйымдастырушылық қабілеті мен таланты жан-жақты көрінді. Қоқан совдепінде жұмыс істей жүріп, оның баспалық органы «Халық газетасын» («Народная газета») ашуға белсене қатынасты, Түркістан КП Орталық комитетінің органы «Инкилоб» («Революция») журналының алғашқы санын ұйымдастырып шығарды.

1919 жылы басмашылармен қарулы күрес қызған шақта Төреқұлов Облревкомға жұмысқа тартылды және біраз уақыттан кейін Түркістан ағарту комиссары болып бекітілді. 1920 жылдың жазында Түркістан Компартиясының уақытша ОК құрылып, Төреқұлов оның хатшысы болып сайланды. Міне, осы кезден бастап, ол өзін мемлекеттік деңгейдегі саяси қайраткер ретінде көрсете бастады. 1921 жылы мамырда Кеңестердің кезекті съезінен кейін Төреқұлов Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып сайланды.

1922 жылы қазанда Мәскеуге ВКП (б) Орталық Комитетінің қарауына шақыртылып, біраздан соң КСРО халықтары Орталық баспасы басқармасы төрағалығына тағайындалуымен Нәзірдің қоғамдық-саяси қызметінің мүлде жаңа және бүкілодақтық көлемдегі кезеңі басталды. Өзі 1928 жылға дейін жетекшілік еткен Орталық баспада оның баспагер, редактор және тілші-ғалым ретіндегі талантының жаңа қырлары ашылды. Осы қызметте Төреқұловтың жаңа кеңес мемлекетіндегі ұлттар мәдениеттерін дамытуға қосқан үлесі баға жеткізгісіз.

Орталық баспаның төрағасы болып қызмет істеп жүргенде-ақ Нәзір НКИД (Сыртқы істер халық комиссариатының) резервіне қойылған болатын. НКИД басшылығының Н.Төреқұловты КСРО-ның Сауд королдігіндегі өкілетті өкілі етіп тағайындау мәселесіне орай ВКП (б) Орталық Комитетінің бас хатшысы Сталинге жазған арнайы қызметтік хатында оның «мұсылман әлемі мен дүниетанымының аса ірі білгірі және Хиджазтағы біздің өкілдерімізден талап етілетін күрделі де нәзік саясатты жүргізуге барынша лайық та қабілетті екендігі» атап көрсетілді. Бас хатшы бұл ұсынысты қолдады. Сөйтіп, Төреқұлов 1927 жылғы 15 желтоқсанда Хиджаз, Неджі және қосылған облыстар корольдігіндегі (сол кезде Сауд мемлекеті осылай аталған) өкілетті өкіл болып тағайындалды. Тұңғыш өкілетті өкіл қазақтың ұзаққа созылған, жарқын істерге, толассыз күрес пен мазасыз күндерге толы арабия дастаны осылай басталды.

«Араб жерінде КСРО-ның жаңа өкілетті өкілі ерекше құрмет және достық пейілмен қарсы алынып, 3 қазанда ол Меккеде корольдің ұлы ханзада Фейсалға өзінің сенім грамотасын тапсырды. Корольдің кеңестік дипмиссияның жаңа жетекшісі сауд үкіметі мен монарх тарапынан «құрмет пен ізгі пейіл-қатынас» көретін болады деп сендіруі хаттама үшін жәй айтыла салған сөз болмай, Төреқұловқа расында да корольдікте болған сегіз жыл ішінде Әбдел Әзиз әл-Сауд пен оның айналасындағылардан ерекше құрмет пен ілтипат көрсетілді. Мұнда, әрине, өкілетті өкілдің корольмен және оның балаларымен шынайы достық қарым-қатынас орната білген жеке басының ұнамдылығының да айтарлықтай рөл атқарғаны сөзсіз. Нәзір жаңа қызметіне тез үйренісіп, жергілікті ықпалды адамдармен және көпестермен достық байланыс орнатып алды. Бұған, негізінен, оның қысқа мерзім ішінде араб тілін жақсы меңгеріп алғаны жол ашты деуге болады, оны жетік үйренгені соншалықты, ол салтанатты жиындарда дипкорпустың атынан құттықтау сөз сөйлеп, жергілікті діни гұламалармен теологиялық тақырыпта пікір таластыратындай дәрежеге жетті. Төреқұловтың байланыс өрісі кеңи түсті. Барып қызмет етіп жатқан елдің ішкі және сыртқы саясатын тез меңгеріп алуы, осы тәріздес ағымдағы мәселелерді біліп отыруы тиістігі және КСРО-мен қарым-қатынастың келешегі оған әртүрлі деңгейдегі саудтық шенеуніктермен, монархтың өзімен және балаларымен жиі кездесіп, пікірлесуге мүмкіндік берді. Нәзір еуропалық әріптестеріне қарағанда корольмен және оның Хиджазтағы өкілі, ханзада Фейсалмен жиі кездесіп, пікірлесетін болды. Өйткені, Әбдел Әзиз және оның төңірегіндегі мәртебелі кісілермен кездесу негізінен Меккеде өтіп, ондай «қасиетті» мекенге басқа діндегілердің баруына рұқсат етілмеді. Ал шынайы мұсылман Төреқұловқа мұндай шектеулер қойылған жоқ. Жалпы кеңестік өкілетті өкілдің жұртты өзіне қарата білетін ерекше тартымдылығын айта кеткен жөн. Жоғары дәрежедегі бекзаттар, атап айтқанда, әр саланың министрлері, әскери шенді адамдар, тіпті, жергілікті жасырын полицияның бастығына дейін Нәзірмен жақсы қарым-қатынаста болып, қажетті мәлімет-ақпараттармен бөлісіп отырды. Ал Нәзір Төреқұловтың ұтымды ұсыныстары Мәскеуге өзінің халықаралық беделін нығайту бағытында нақты қадамдар жасауға мүмкіндік берді», - деп атап өтеді автор.

Оның атап өтуінше, кеңес-сауд қатынасының тарихы секілді Төреқұловтың тағдыры да қайғылы аяқталды. 1937 жылы оған пантүрікшілдік деген сияқты жалған жалалар жабылып, қамауға алынып, НКВД қабырғасында ажал құшты.

«Король әл-Саудты өзі жақсы білетін Төреқұловтың тағдыры қатты қапаландырды. «Бауыры Нәзірді» аямай жазалағандарға оның қаншалықты күйінгенін корольдің айналасындағылар көрді. Кешікпей ол дипломатиялық каналдар арқылы Кеңес одағының басшылығына басқа өкілетті өкілді көргісі де келмейтінін жеткізді. 1938 жылдың сәуірінде КСРО-ның Сыртқы істер халық комиссариаты Сауд Арабиясына нота жолдап, таяу уақытта кеңес-сауд қарым-қатынасын жақсартудың мүмкіндігі байқалмағандықтан, Мәскеу корольдікпен байланысты тоқтата тұруды және Джиддадағы өкілетті өкілдігін жабатынын мәлімдеген. Екі мемлекеттің қарым-қатынасындағы бұл үзіліс 1990 жылға дейін жалғасты. іршама жылдар өткеннен кейін, яғни 1958 жылдың 28 қаңтарында өкілетті өкілге қатысты үкім КСРО Жоғарғы сотының шешімімен өзгертіліп, Нәзір Төреқұловтың жарқын есімі қайта қалпына келтірілді. Алайда, Нәзір Төреқұловтың шынайы тұлғасын тану Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін жүзеге асырыла бастады, деп атап өтеді Тайыр Мансұров БАҚ бетінде жарияланған мақаласында.


Соңғы жаңалықтар