Әлемдік бокс кеші: Қазақстандықтар жеңісті еселеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейбіт Шүменов пен Хамит Алтынкай айқасының андеркартында шаршы алаңға шыққан қазақстандық кәсіпқой боксшы Бауыржан Момынов Грузиядан келген Гиорги Блиядзені ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шүменовтің бокс кешінде тағы бір нокаут бола ма? Бауыржан шаршы алаңға шығып келе жатқан кезде бокс көрермендерін осы сұрақ мазалап тұрған еді. Қазақстандық боксшылардың  осы кештегі нокаут дәстүрін жалғастыру үшін қазақстандық боксшы бірден шабуылға басты. Грузин қарсыласының қарқынынан шыдап бақты. Айқастың бірінші раунды қызу басталып, гүржі боксшысы шабуылдан кенде қалған жоқ. Бірақ, оның шабуылдары көздеген межеге жетті деп ешкім айта алмас еді. Ұрымтал сәттердің бірінде Бауыржанның ауыр соққыларынан Блиядзе есеңгіреп қалды. Кездесудің біржолата аяқталуынан грузинді гонг құтқарған еді.

Екінші раунд басталғанда Момынов тағы бір соққымен Блиядзені ногдаунға жіберді. Десе де, айқас аяқтала қойған жоқ. Блиядзе жеңістің қолынан сусып бара жатқанын сезініп, өзі де шабуылдауға тырысқанымен, қазақстандық боксшының қарқынына лайықты жауап бере алмады. Десе де, екінші раунд нокаутсыз аяқталды.

Үшінші раундқа келгенде грузиннің екінші демі ашылғандай болды. Бауыржанның соққыларына лайықты жауап бере бастады. Тек бесінші раунд дегенде ғана Бауыржан Момыновтың ойлағаны орындалды. Шалт қимылдардың жасап, қарсыласын қақырата соққан Бауыржан Блиядзені тізерлетіп тастаған-тын. Қазақ боксшысының соққысына шыдамаған грузин тізерлеп отырып, еріксіз ауыздағы капасын лақтырудан басқа амалы қалмады.

Осылайша, Бауыржан Момынов кәсіпқой бокстағы жетінші жеңісіне жетті.

Соңғы жаңалықтар