Әлемдік баспасөз Наурыз туралы не жазады?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі адамзаттың құнды мұрасы ретінде 2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген. 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Наурыз мерекесін - халықаралық күн ретінде жариялады. Тіршілік әлемі оянып, қайта түлейтін Наурыз мейрамын түркі халықтары ғана емес, әлемнің көптеген елдері үлкен қуанышпен қарсы алып, ыстық ықыласпен мерекелейді. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» ХАА оқырман назарына Наурыз туралы әлемдік ақпарат көздеріне жарияланған материалдарға шолуын ұсынады.

Жаңа жылда әлем жаңарады - India Today
null

«Әлемнің көптеген мемлекеттерінде Жаңа жыл ретінде көктемнің алғашқы күні тойланады. Ежелгі күнтізбе бойынша бұл 21 наурызға сай келеді. Наурыз мейрамын әртүрлі дін өкілдері, әртүрлі халықтар тойлайды. Бұл мерекеде бүкіл әлем жаңарады», деп жазады India Today басылымы. Автор мақалада Наурыз мейрамын тойлау 3 мың жыл бұрын басталғанын атап өтеді.

«Наурыз жаңа өмірдің бастауы. Бұл мерекені тойлайтын халықтар осы күні ұлттық киімдерін киіп, дәстүрлі тағамдарын әзірлейді. Бір бірінен кешірім сұрап, бейбіт өмір тілейді», деп жазады автор. Оның айтуынша, Наурыз қарсаңында қайырымдылық жасаушылар қатары артады.

Наурызда күн мен түн теңеседі - The Telegraph
null

«Көктемде жыл мезгілдері алмасып, күн мен түн теңеседі. Ауа райы салқын болғанымен, бұл ұзақ уақыт алмайды. Себебі көктемнің астрономиялық басы 1 наурыз емес, 21-22 наурызға тұспа тұс келеді. Дәл осы кезде күн ұзарып, түн қысқарады. Жер гүлге оранып, күн райы жылынады», деп жазады The Telegraph басылымы.

Автор мақалада наурыздың дәл осы күндері күн мен түннің теңесетінін жазады.

«Көктемнің бұл кезінде көптеген мемлекеттерде Наурыз мерекесі тойланады. Наурыз көптеген мәдениеттерде ең негізгі мейрам саналады, себебі дәл осы уақытта Күн Жердің экваторынан өтеді», деп жазады автор. Мақалада автор Күннің шығысын да, батысын да дәл осы кезеңдерде көруге болатынын, жылдың басқа мезгілдерінде бұл мүмкін емес екенін айтады.

«Наурыз көптеген елдерде жыл басы саналады. Парсы тілінен аударғанда бұл сөз «Жаңа күн» деген мағынаны береді. Наурыз мерекесі үш мың жыл бұрын тойлана бастаған. Бүгінгі таңда бұл мереке Орталық Азия, Батыс Азия, Кавказ елдерінде кең тараған», деп жазады автор. Оның айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Наурыз ресми түрде тек Иранда тойланып келген.

«Кавказ және Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған соң ғана Наурызды ұлттық мерекелері ретінде таныды», дейді автор.

Америкада Наурыз фестивалі өтеді - The Los Angeles Times
null

Лос Анджелесте биыл алтыншы жыл қатарынан Наурыз фестивалі тойланады. The Los Angeles Times басылымының жазуынша, наурыз ежелгі күнтізбедегі ең маңызды мейрамдардың бірі.

«Ежелгі адамдардың дана болғаны сонша, олар Жаңа жылды Табиғат Ананың жаңаруына тұспа тұс келетін уақытта, яғни, Наурыз айында тойлаған. Бұл мереке Жер шарындағы өмірдің жасаруын, жаңаруын көрсетеді», деп жазады автор. Оның жазуынша, Табиғат Ана барда Наурыз мерекесі де тойлана береді.

«АҚШ президенттері соңғы қырық жылда Наурызды тойлайтын халықтарға құттықтау жолдайды. Наурыз адамдарға махаббат, бейбітшілік, сүйіспеншілік, бақыт туралы еске салады. Түптеп келгенде, бүкіл адамзат бір отбасы емес пе?», дейді автор.

Калифорния университетінде Наурыз тойланады - NBC
null

«Көктемде самал жел есіп, әсем гүлдер шыға бастайды. Бұл кезең той тойлап, ән айтуға арналғандай. Дегенмен, көктемнің келгенінен-ақ көпшілігіміз уақытымызды көңілді өткізуге тырысамыз. Ал әлемнің түкпір түкпірінде көптеген халықтар бұл айда Жаңа жылды қарсы алып, Наурыз мерекесін тойлайды», деп жазады NBC басылымы.

Автор мақалада Наурыз мейрамында халық бір біріне мейірін төгіп, жақындай түсетінін, ұлттық костюмдер киіп, түрлі концерттер ұйымдастырылатынын жаза келе, Калифорния университеті биыл 11-рет тегін іс шара ұйымдастыратынын айтады.

Соңғы жаңалықтар