Әлемдік балет жұлдыздары елордада өнер көрсетті

None
None
АСТАНА. Шілденің 4-і. ҚазАқпарат - Елорданың «Қазақстан» орталық концерт залында әлемдік балет өнерінің жұлдыздары қала қонақтары мен тұрғындарына өз өнерлерін паш етті.

Астана күні мерекесі қарсаңында өткен дәстүрлі «Опералия» халықаралық музыка фестиваліне балет өнерін сүйетін елордалықтар залды лық толтырды. Мәдени іс-шара барысында Германия, АҚШ, Ресей, Түркия, Қытай мемлекеттерінен жиналған балет өнерінің майталмандары өз өнерлерін көрсетті.

Кеш барысында «би патшасы» атанған Ресейдің халық әртісі Николай Цискаридзе орыс композиторы Игорь Стравинскийдің музыкасына жазылған «Нарцисс» биін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Астана жұртшылығы үшін қытайлық балет әртістері, халықаралық байқаулардың лауреаттары Цау Шуцы мен Джанг Шидің орындауындағы А.Аданның «Жизель» балеті де ерекше тосын сый болды.

Сонымен қатар кеш барысында К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балет труппасы А.Бородиннің «Князь Игорь», Нью-Йорк сити балетінің бишілері Эшли Буде мен Эндрю Вейет Л.Готтшальктің «Тарантелла», Берлин Штатсопердің премьерлері Элиза Кабрера мен Михаил Канискин Д.Россинидің «Grand pas de deux», түркиялық бишілер, Анкара мемлекеттік опера және балет театрының басты бишілері Өзге Башаран мен Бахри Гюрджан П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеттерінен өнер көрсетіп, елордалықтардың көңілінен шықты.

Ал аталған шараға арнайы келген жерлесіміз Цюрих опера театрының прима-балеринасы Әлия Танықбаева К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртісі Сержан Кәуіковпен бірге А.Аданның «Корсар» балетінен үзінді сахналап, жиналғандардың зор ықыласына бөленді.

Соңғы жаңалықтар