Әлемдегі вакцинаның 73 пайызы он мемлекетте ғана егілген – БҰҰ вакцинация теңсіздігі туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлем бойынша 5,7 млрд доза вакцина салынған, бірақ оның 73 пайызы 10 мемлекет аумағына тиесілі. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаела Фирберг-Стори айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында БҰҰ Бас хатшысы Антони Гутерриш жаһандық пандемия бойынша саммитте әлем бойынша вакцина бөлудегі әділетсіздікті атады. Біз вакцина өндірісін екі есеге ұлғайтуымыз керек және бұл жоспар вакцинаны әділетті таратуды меңзейді. Жыл соңына дейін әлем халқының 40 пайызын, ал 2022 жылдың алғашқы жарты жылында – 70 пайызын вакцинамен қамту көзделген. Қазір әлем бойынша 5,7 млрд доза вакцина салынған, бірақ оның 73 пайызы 10 мемлекет аумағына тиесілі. Ал Африка елдерінде адамдардың 3 пайызы ғана вакциналанған. Бұл - үлкен сын-тегеуріндердің бірі. Біз үшін жаһандық денсаулықты нығайту үшін реформалар қажет, вакцина туралы дұрыс нақты ақпараттар қолжетімді болуы керек», - деді спикер Astana Media Week форумының «Жаңа, ковидтан кейінгі әлемдегі қоғам және БАҚ» панельдік сессиясында.

Сонымен бірге БҰҰ үйлестірушісі қазіргі фейктер мен инфодемияға қарсы жаңа тәсілдер қажеттігін атап өтті.

«Дұрыс коммуникация өмірді құтқаратынын түсіну қажет. Сондықтан біз коронавирус туралы фейктерге қарсы «Тексерілді» атты жаһандық науқанды жүзеге асырып отырмыз. Мұнда тексерілген түсінікті, мазмұнды және фактілерге сүйенген ақпараттарды бөлісеміз. Ең бастысы - халық тарапынан мол сенім болуы қажет. Біз БҰҰ ретінде коронавирус пен жалған ақпаратқа қарсы шараларды жалғастыра береміз», - деді Микаела Фирберг-Стори.

Еске сала кетсек, кеше елордада Astana Media Week – 2021 жыл сайынғы медиаапталығы басталды.

AMW-2021 барысында халықаралық медиақауымдастық мүшелері ақпараттық күн тәртібінің өзекті мәселелерін көтереді.

Ондағы іс-шаралар онлайн және офлайн-алаңдарда да жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар