Әлемдегі ірі әскери кемені тізгіндеген қандасымыз туған ауылына оралды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ұшақ таситын әскери кеме тізгінін ұстаған Жадыра Қабылқызы ауылына оралды - CNR

24 жасында Қытайдың ұшақ таситын əскери кемесiн тізгіндеген Жадыра Қабылқызы әскери қызметтен босап,туған ауылына оралды, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Жадыра Қабылқызы 1995 жылы Қытайдың Алтай аймағының Жеменей ауданында туған. Ол 2014 жылы Экономика және менеджмент мамандығы бойынша Санжы институтына оқуға түсіп, екінші жылында өз қалауымен әскерге шақырылған. Осылайша бала кезінен әскер болуды армандаған қазақтың ержүрек әрі зерек қызы түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, Қытай әскери теңіз флотының жауынгерлерінің қатарына қосылады. Жадыра компьютерлік есептеуге жүйрік болғандықтан кеменің қозғалыс траекториясын жылдам есептей алған.

«Жадыра Қабылқызы теңіз флотындағы бес жылдық әскери міндетін сәтті өтеп, Шыңжаңға қайтып келіп Санжы институтындағы оқуын жалғастырды. Ол ауылына оралғаннан кейін, туған мекені Алтай аймағында қысқы туризмінің дамығандығын көріп, өскен еліне өз үлесін қосу мақсатымен, 2022 жылғы Бейжің қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына волонтер болуға тізімделген», -деп жазады CNR сайты.

Айта кетейік, қазақтың батыр қызы тізгіндеген «Ляонин» кемесі, құрамында 2000 мыңға жуық адамы бар, 50-ге жуық ұшақ пен тікұшаққа аэродром болған, қыруар қару-жарақ тиеген Қытай флотының ең айбарлы кемелерінің бірі. Мұндай авианосец əлемнiң санаулы алпауыт елдерiнде ғана бар екен.

Өзбек және қазақ кинорежиссерлері бірлесіп «Көршілер» атты картина түсірмек - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Өзбекстандық және Қазақстандық кинорежиссерлер бірлесіп «Көршілер» атты комедиялық жанрда фильм түсіретін болды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Қазақстандық кинорежиссерлер Ақан Сатаев пен Азимжан Саидбаев Кинематография агенттігі басшылығымен онлайн режимінде кездесу өткізді. Кездесуде тараптар «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалін өткізу, Өзбекстан киносы күндерін Қазақстанда өткізу, сондай-ақ «Көршілер» фильмін бірлесіп түсіру бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. «Көршілер» фильмі - бұл өзбек пен қазақ көршілерінің қарым-қатынасы және аула арасындағы қабырға бұзылғаннан кейін табылған алтынға қатысты оқиғалар туралы комедиялық картина», -деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Фильм Өзбекстанның халық ақыны Эркин Вахидовтың «Алтын қабырға» шығармасы негізінде түсіру жоспарланған. Картинаның сценарийін жазуға қазақстандық актер, блогер және сценарист Азамжан Саидбаев жазады. Жаңа бірлескен фильм Халықаралық «Жібек Жолы інжу-маржаны» Ташкент кинофестивалінде үлкен экарнға шығады деп жоспарланған.

Ауасы таза тау қаласы - «Ағажай-Алтай ақпарат» сайты


Жанға жайлы, табиғаты әсем, ауасы таза тау қаласы Алтайдың «табиғи өттегі қоймасы» Деген аты бар, деп жазады kazakh.altxw.com сайты.

«Қытайдағы қазақ ұлты мекен еткен Алтай аймағының орталығы Алтай қаласының айналасын асқар тау, ну орман қоршап, қыран өзені қаланың қақ ортасынан ендей өтеді. Өңірдің осындай сирек кездесетін өзгеше климат әсері жанға жайлы табиғи орта қалыптастырып, әлемнің әр түкпірінен келетін туристерді қызықтырып отыр. 2020 жылы табиғаты әсем, ауасы таза ерекше қаланы тамашалауға 1 миллион 500 мың турис ат басын бұрған. Назарларыңызға осы көркем қаланың көріністерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады «Ағажай-Алтай ақпарат» сайты.


Волкан Бозкыр Қазақстанға барды - TRT


БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы, түрік азаматы Волкан Бозкыр Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан сапарынан соң Қазақстанға барды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Орталық Азияға келу себебім осы елдердің сәлемін күллі әлемге жеткізу. Бұл елдерге келу мен үшін ерекше сезім. Мен үнемі мынаны айтамын: Бір түрік БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы болды. Бұл әрі Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстанның төрағалығы. Ал Ауғанстандағы соңғы жағдайлар бейбітшілік пен тұрақтылықты қиындастыруда. Осы тұрғыдан аталмыш елдердің көп тәжірибесі бар. Осы күрделі жағдайға әсіресе Қазақстанның маңызды бір лидерлік көрсететініне сенімдімін», - дейді БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкыр.


Соңғы жаңалықтар