Әлемдегі ет өңдеу бойынша ең алпауыт екі компанияның бірі Қазақстанға келе жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Америкалық «Tyson Foods» компаниясының Қазақстанда ет өңдейтін кешен салатыны жайлы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

««Tyson Foods» компаниясы туралы қандай мәліметті білу маңызды? Ол – ет өндірісі бойынша бүкіл әлем бойынша ең алпауыт екінші компания. «Tyson Foods» корпорациясының өндірістік кәсіпорындары тек үш мемлекетте бар. Олар: АҚШ, Қытай және Үндістан. Біз бұл ретте төртінші мемлекет болып отырғанымызды атап өту керек. Олар Қазақстан аумағында заманға сай ет өңдейтін, тәулігіне 2 мың бас сойылатын кешен салуды көздеп отыр. Жобаның инвестициялық көлемі – 500 млн АҚШ доллары шамасында болады», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, осындай инвестордың біздің елге келіп жатқаны – бүкіл әлемнің іскерлер ортасы үшін айтарлықтай айқын сигнал саналады.

«Кәсіпорын экспорттық бағытта жұмыс жүргізеді. Алыс-жақын шетелдерге ет тасымалдайды. Ол үшін осында – Қазақстанда ауқымды жұмыс жүргізілгенін айта кету керек. Біздің мамандар ветеринарлық талаптарды бекіту бағытында орасан зор жұмыс істеді. Ең бірінші кезекте, біздің мемлекетті құс тұмауы мен басқа да қауіпті аурулардан таза аумақ ретінде мойындату керек еді. Бүкіләлемдік банктің сарапшылары Қазақстанды ауыл шаруашылығын дамыта алатын мемлекеттердің бестігіне енгізеді. «Tyson Foods» секілді компанияның Қазақстанға келуінің маңызы өте зор. Өйткені, бұл танымал бренд, технология мен жұмыс орындары, салық түсімдері», - деді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің АҚШ-қа жұмыс сапары аясында америкалық агробизнес өкілдерімен Қазақстанда ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.

Соңғы жаңалықтар