«Әлемдегі ең үздік дауыс иесі» - Димаштың шетелдік жанкүйерлері не дейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концерті әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерін елең еткізіп, Тұманды Альбионға тарта түсті. Осы ретте ҚазАқпарат әнші жайлы айтулы пікірлерді оқырман назарына ұсынады.

Әншінің кейбір жанкүйерлері концерт өтетін жерге (Indigo at the) бірнеше сағат бұрын келгендерін мойындады.

«Біз келдік! Шоудың басталуына бес сағат қалды. Міне, Димаштың фанаттары осындай», - деп жазады @thepearlofdimash аккаунтының иесі. 

«Мен ол жерде болдым! Керемет, сөз жоқ», - дейді шоу жайлы @simplyashella.

Әлемге әйгілі қазақ әншісінің фанаттары өз кумирлерінің даусына және ән кезіндегі дауыстың сапасына ерекше тамсанғандарын айтады. elena_nur_shishigina және esther.prasetya.dear атты қолданушылар «шоудың сапасы мінсіз» болғанын алға тартады.

Отандасымыз концерт барысында кейбір әндерін шоуға сай дүркірете айтса, кейбірін жан тербетерлік нәзіктікпен жеткізді. Оның бірі - S.O.S. d'un terrien en detresse хитын әнші өзінің досы, Сочи Олимпиадасының жүлдегері Денис Тенге арнады. Осы әнді орындау барысында сахнадағы алып экраннан қайтыс болған мәнерлеп сырғанаушының мұз айдынында көрсеткен өнері бейнеленген еді.

Өз кезегінде sylviasandoval9010 атты қолданушы Димашты түсінетінін жеткізген. Ол өз парақшасында «Жүрегің жаралы кезде осындай әнді орындау өте қиынға түскені анық» десе, @pejohpics атты тағы бір қолданушы Денистің «сезімтал, мұңды әрі керемет жан» болғанын еске алады.

Димаштың Мексикадан келген жанкүйері @mjulieta6916 шоудан кейін өзінің алған әсерімен бөлісе келе «Концерттің теңдессіз болғанын, Димаштың ғажайып әнші екенін» жазады.

Ең белсенді көрермендердің бірі ретінде Польшадан келген Teresa Kakol-ды атап өтуге болады. Оның жеке парақшасы әншінің концертінің видеосы мен фотоларына толып қалған.

«Димаш Құдайбергеннің Лондондағы жеке концерті. Суперконцерт, музыканттардың фантастикалық ансамблі мен әлемдегі ең үздік дауыс иесі. Рахмет саған, Дима! Сен - Қазақстанның мақтанышысың», - дейді Тереза.

Шоу аяқталғаннан кейін @ardabaevar өзінің Instagram парақшасында «бәрі де тамаша болғанын» айта келе «Димашжан, біз сенімен мақтанамыз» дейді. 

Димаштың адал тыңдармандарының қатарында Украинадан келгендер де аз емес.

«Осы сыйлығың үшін рахмет! Мен үшін осы концерт - үлкен мүмкіндік!», - дейді украиналық фанат Елена Тихонова.

Еске сала кетсек, 19 қарашада Лондонда Димаш Құдайбергеннің концерті өткен болатын. «Indigo at the O2» залы бұл күні көрермендерге лық толды. Қазақстан, Чехия, Бельгия, Ұлыбритания, Қытай, Канада, Германия, Ресей, Финляндия, Чехия секілді әлемнің 45 елінен келген әншінің жанкүйерлері концерт басталмай тұрып-ақ «Димаш» деп дауыстап, шоудың басталуын асыға күтті. Екі сағатқа созылған концерт көпшілік күткеннен артық деңгейде өткені анық. Әнші сахнадағы әрбір нөмірінде әртүрлі киіммен шығып, тек жанды дауыста ән шырқады.

 

Соңғы жаңалықтар