Әлемдегі бүгінгі ахуал барлық елдерді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеуде - ҚР Президенті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі бүгінгі ахуал барлық елдерді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеуде. Бұл туралы бүгін V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз де білетіндей, біздің еліміз таяу және алыс елдермен тату көршілікті нығайтуға бағытталған бейбітсүйгіштік саясат жүргізіп келеді. Дегенмен, әлемдегі бүгінгі жағдай барлық елдерді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеп отыр. Біз де ҰҚШҰ аясында дәл осын жасауға ұмтыламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, қарулы күштердің қорғаныс саласын дамыту мемлекет басымдығының бірі саналады. Бұл ретте, Орталық Азия өңіріндегі жалғыз саналатын KADEX халықаралық көрмесі қорғаныс саласын жүзеге асыруда негізгі рөлге ие болып отыр.

«Осы жылдардың ішінде ол ауқымды оқиғаның, қорғаныс әлеуетін нығайту мен елдер арасындағы әскери-өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытудың тиімді алаңдарының біріне айналды. Жаңа технологиялық дәуір қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де, экономиканы одан әрі жаңғыртуда да аталған саланың айрықша маңыздылығын айқындайды»,- деді Елбасы.

Осы ретте, Қазақстан Президенті «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі алғаш рет ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қамқорлығымен өтіп жатқанын еске салды.

«Бағдарлама өзінің форматы мен мазмұны жағынан барынша толыққанды және біз байқап отырған жаһандық геосаяси тұрақтылықтың өршуі жағдайында барынша өзекті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, елорданың халықаралық әуежайының әскери секторы аумағында V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өз жұмысын бастады.

Ашылу рәсімінде Қазақстан Президенті KADEX көрмесінің басты ерекшелігін атады.

Шара барысында отандық 17 кәсіпорын әскери техниканың 57 бірлігі мен әскери азаматтық мақсаттағы 162 бұйымның тұсаукесерін өткізбек. 

Соңғы жаңалықтар