Әлемдегі 200 млн-ға тарта түркілерді біріктіріп тұрған басты рәміз - тіл - Ғ. Телебаев

None
None
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі күні Жер бетінде 200 миллионға жуық түркілер өмір сүреді десек, олардың барлығын біріктіріп тұрған ең басты рәміз - ол біздің қасиетті тіліміз.

Астанада «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев осылай мәлім етті.

«Алайда, небір аумалы-төкпелі кезеңдер барысында біздің бір-бірімізге жақындасуымызға, тілімізді мейлінше байытып, түрлендіруге мүмкіндік көп бола қойған жоқ. Тоталитарлық кезең әліпбиімізді бірнеше мәрте өзгертті. Соның салдарынан түркілердің бір-бірін түсінуі қиындай түскені жасырын емес. Міне, бүгінде сол олқылықтың орнын толтырып, Түркі әлемінің тіл мұрасын зерттейтін кезең де келіп жетті», - деді вице-министр. Оның айтуынша, кеңес заманында қазақ тіліндегі терминжасамды бір ғана көзден, орыс тілінен алып отырды. Сондықтан да ендігі күні түркілік тілдің ортақтығында терминдерді алмасу арқылы байытудың маңызы зор.

Түркітілдес елдердің тіл ғалымдары бас қосқан жиынның бірінші күні терминологияның жалпы мәселелері, оның ішінде негізінен терминжасам және өзара термин алмасым, көптілді терминологиялық сөздіктер жасау мәселесі кеңінен талқыланады деп күтіледі. Ал ертең, 18 қараша күні жалғасатын жиын барысында негізінен ақпараттық технология саласындағы терминология мәселесі қозғалады.

Соңғы жаңалықтар