Әлемдегі 131 ел Қазақстанда өндірілген өнімді тұтынады
2021 жылғы 19 желтоқсан 20:10

Әлемдегі 131 ел Қазақстанда өндірілген өнімді тұтынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кез келген мемлекеттің экономикасында өндірістік бағдарламаның орны ерекше екені белгілі. Кәсіпорындардың өнімділігі мен қуатына қарай бұл саланың елдің дамуына қосатын үлесі арта береді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің дамуы және индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың нақты нәтижелері бойынша ақпаратты көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қазақстанда алғашқы индустрияландыру кеңес дәуірінде жүргізілді. Сол кезде, КСРО-ның барлық республикаларындағыдай, Қазақстанда да кен орындары жедел игеріліп, кәсіпорындар мен көлік жолдары салынды. Мысалы, 1981-1986 жылдары елімізде 400-ден астам кәсіпорын салынды, ал 1990 жылдардың басында Қазақстанда химикаттар, машиналар мен жабдықтар, тоқыма және өңдеуші өнеркәсіптің басқа да бұйымдары шығарылды. Өнеркәсіптің ең ірі салалары машина жасау және металл өңдеу болды.

Алайда, тұрақсыз экономикалық жағдайға байланысты 1990 жылдары көптеген кәсіпорындар тоқтап қалды. 2003 жылы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) алғаш рет 1991 жылғы деңгейден асып түскен кезде Қазақстан экономиканы жаңа индустрияландыруға жол бастады. Ол кезде 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қабылданды. Осы құжаттың көмегімен ел ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібі үлесінің төмендеуін еңсеруге, экономика мен өнеркәсіп өндірісінің құрылымын өзгертуге және «қосылған құны жоғары» тауарлар мен қызметтер экспортын өсіруге тиіс болды.

«2010 жылы елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (ҮИИДМБ) басталды. Оны іске асыру кезеңінде өңдеу саласы өнеркәсіптегі өсудің негізгі драйверіне айналды. 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан индустриялық-инновациялық дамудың белсенді саясаты экономиканы әртараптандыру процесін бастау үшін базалық жағдайларды жасауға мүмкіндік берді. Экономиканың бірқатар салалары мен секторларының келбеті мен құрылымы өзгерді. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары өнімнің жаңа түрлерін өндіруді игерді», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.

Металлургияда болаттан жасалған дайын бұйымдар өндірісі пайда болды (радиаторлар, ванналар, сымдар, арқандар, рельстер). Ел ішінде бастапқы алюминийді қайта өңдеу ұлғайтылды (алюминий созба сым, профильдер, алюминий қорытпалары, дискілер). Қазақстан әлемдік титан өндірушілер тізбегінде ұсынылған. Титан құймалары мен қорытпаларын өндіретін зауыт іске қосылғаннан кейін бұрын шығарылмайтын өнім өндірісі басталды.

Индустрияландыру Қазақстанда машина жасауда ірі темір жол машинасын жасау (локомотивтер, жолаушылар вагондары), қазіргі заманғы мұнай-газ машинасын жасау (тиек арматурасы, сорғылар) сияқты жаңа бағыттарды нөлден бастап құруға мүмкіндік берді, сондай-ақ электр-техникалық жабдықтың (трансформаторлар, басқару қалқандары, автоматты ажыратқыштар) өзіндік бәсекеге қабілетті өндірісін қалыптастыруға серпін берді.

Химия өнеркәсібінде жаңа өндірістер пайда болды (натрий цианиді, аммоний сульфаты, экстракциялық фосфор қышқылы, азот-фосфор тыңайтқыштары). Қазір қазақстандық аграршылардың 80% отандық өніммен қамтамасыз етілген.

Бүгінде әлемдегі 131 ел Қазақстанда өндірілген өнімді тұтынады. Қазақстандық өнімнің негізгі тұтынушылары Қытай, Орталық Азия, ЕАЭО және Еуропалық Одақ елдері болып отыр. Сыртқы нарықтарға шамамен 49 жаңа тауар позициясы шығарылды.

«Индустрияландыру елдің экономикалық байлығына қол жеткізудің негізгі құралына айналды. Өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттің таңдап алған бағыты жүргізілген индустрияландыру бағдарының нәтижелерін растайды. Нәтижесінде, экономиканың құрылымдық өзгерістері орын алады. Осылайша, ЖІӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2009 жылдан бастап 2020 жылдың қорытындысы бойынша 10,9% -дан 13,1% - ға дейін өсті. Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің өсуі 2020 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 4,2 есе ұлғайды», - деп аталып өткен Индустрия министрлігі ақпаратында.

Инвестиция ағыны

Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны 2020 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 5 есе артып, 9,2 трлн теңгені құрады. Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестициялар көлемі 2020 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 2,9 есе өсті. 2020 жылы инвестициялардың негізгі ағыны мынадай кәсіпорындарды дамытуға бағытталды: металлургия өнеркәсібі (372 млрд теңге немесе секторға инвестициялардың жалпы көлемінің 34,5%), химия өнеркәсібі (301,3 млрд теңге немесе секторға инвестициялардың жалпы көлемінің 28%).

2015-2019 жылдары ИИДМБ аясында құрылыс индустриясында, металлургияда, машина жасауда, химия өнеркәсібінде және фармацевтикада ірі жобаларды іске асыру үшін жалпы сомасы 6 млрд АҚШ доллары сомасымен Global-2000/ТҰК-ға енген 28 инвестор тартылған.

Атап айтқанда, жаһандық қосылған құн тізбегін бақылайтын компаниялардың тікелей шетелдік инвестицияларын тарту бойынша қазіргі уақытта 625 млн АҚШ доллары сомасына ТҰК қатысуымен 985 жұмыс орнын құрайтын 7 жоба іске асырылып жатыр.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің Еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өсті. Өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 2020 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 1,3 есе өсті. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 1 млн АҚШ доллардан астам көлемінде әлемнің 79 еліне жеткізіледі.

2020 жылы Қазақстан алғаш рет жалпы сомасы 5 358,0 мың АҚШ долларына машина жасау және металлургияны Багам аралдары, Гайана және Кайман аралдарына, сондай-ақ Ресей Федерациясына сандық бағдарламалық басқаруы бар өзге де бұрғылау-фрезерлік станоктар, Мексикаға басқа топтамаларға енгізілмеген, жалпы сомасы 29,7 мың АҚШ долл өзге де арнайы мақсаттағы механикалық машиналар мен құрылғылар түріндегі жаңа тауарлар өнімдерін экспорттай бастады.

Бұдан басқа, есепті кезеңде металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия, фармацевтика, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі өнімдерінің 507 тауар позициясы бойынша жаңа өткізу нарықтары ашылды.

Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2009 жылға қарағанда 2020 жылы 4,5 есеге дерлік өсті және 13,2 трлн теңгені құрады.

Мемлекеттік бағдарлама нәтижесі

Индустрияландыру жылдарында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің жиынтық көлемі 87,6 трлн теңгеден асты. Индустрияландырудың 10 жылында (2010-2019 жылдар) шамамен 8,4 трлн теңгеге 1 326 жоба іске асырылды. 201,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде индустрияландырудың екінші бесжылдығында (2015-2019 жылдары) шамамен 5,3 трлн теңге сомасына 556 жоба тапсырылып, 50 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдердің жиынтық көлемі 11,4 трлн теңгені құрады. Бүгінде өңдеуші өнеркәсіптен түсетін салықтар индустрияландыру саясатын іске асыруға жұмсалған шығындардан 6,5 есе артық. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан түсетін салық түсімдері ауыл шаруашылығы, көлік және сауда сияқты салалардан әлдеқайда жоғары.

Өңдеу өнеркәсібінің бір қызметкерінің орташа айлық атаулы жалақысы 2020 жылы 234,5 мың теңгені құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 3,4 есе өсті (69 мың теңге).

2015 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қызметкерлерінің табыс деңгейі химия және фармацевтика өнеркәсібі, металлургия өндірісінде, автомобильдер, электр жабдықтары өндірісінде орта есеппен 60% - ға өсті.

Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы өңдеу өнеркәсібінің экспортқа бағдарланған бағытын жалғастыруда. Индустрияландырудың үшінші кезеңінің мақсаты - ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібі.

Осы мақсатқа жету үшін келесі міндеттер анықталды:

1. Индустриялық кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру арқылы индустрияландыруды тереңдету;

2. Өндіріс көлемін ұлғайту және ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлар номенклатурасын кеңейту;

3. Базалық өндірістерді дамытуды ынталандыру және Стратегиялық жобаларды іске асыру арқылы өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту;

4. Өңдеу өнеркәсібі салаларын технологиялық дамыту және цифрландыру.

ИИДМБ 2020-2025 мақсаттары мен міндеттерін табысты іске асыру мақсатында индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің бәсекелестік артықшылықтары мен экспорттық мүмкіндіктерін тұрақты дамытуға бағытталған мемлекеттік ынталандырудың жүйелі шаралары құрылды. Сондай-ақ ішкі нарықты және экспорттық әлеуетті қамтамасыз етуге бағдарланған орташа және жоғары бөліністегі 4 мыңнан астам тауар іріктеліп алынды. Мемлекеттік қолдау шаралары тауарлардың осы түрлерін өндіретін кәсіпорындарға ұсынылатын болады. Бұл шектеулі қаржы ресурстарын жоғары әлеуетті жобаларға шоғырландыруға мүмкіндік береді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT