Әлемде энергетика және азық-түлік тапшылығын болдырмауда Орталық Азияның маңызы ерекше – АҚШ сарапшылары

Фото:
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Орталық Азиядан шығатын энергетикалық және азық-түлік тауарларының әлемдік экономикадағы маңыздылығы артып келе жатыр. Бұл аталған саладағы мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылаған АҚШ сарапшыларының пайымы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Atlantic Council» талдау орталығында «Қазақстан әлемдік энергетика мен азық-түлік тапшылығын өтеу арқылы Орталық Азиядағы жетекші елге айналуы мүмкін» атты жаңа баяндамасының таныстырылымы өтті. Шара модераторы - «Atlantic Council» Еуразиялық орталығының аға директоры Джон Гербст. Баяндама авторлары Орталық Азияның тауар шығару әлеуетінің проблемалық аспектілері мен Батыс елдерінің экспортын ұлғайтуға және олардың экономикасының өсуіне қалай әсер ететінін талқыға салды.

Еуразиялық «Atlantic Council» орталығының аға ғылыми қызметкері Ариэль Коэннің бағалауына сәйкес, Орталық Азия елдері өндіретін экспорттық тауарлардың әлемдік нарыққа түспеуіне екі фактор әсер етіп отыр. Біріншісі - бұл тікелей теңізге шығатын жолдың болмауы, екнішісі –аталған өңірлерге тартылып жатқан инвестициялардың жеткіліксіздігі.

Ариэль Коэн «Atlantic Council» Еуразиялық орталығының аға ғылыми қызметкері

Мысал ретінде сарапшы Қазақстанда күніне 1,8 млн баррель мұнай өндірілетінін, әлемдік бидай көлемінің 2% біздің елге тиесілі екенін және дүниежүзі бойынша ең үлкен уран қоры бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Түрікменстанда газдың орасан зор қоры шоғырланғанына тоқталды.

Ариэль Коэннің пікірінше, Батыс елдері Орталық Азия мемлекеттерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі керек. Атап айтқанда, бұл өңірлердің өнімдерін өткізуге ықпал ету үшін оларды Лондон мен Нью-Йоркте орналасқан инвестициялық қауымдастықтарға арналған «Road Shows» (презентация есебінде алдын-ала орналастырылатын IPO-лар сериясы) шығару қажет. Осы ретте сарапшы 2015 жылдан бастап қазақстандық компаниялардың IPO-сын өткізу бойынша жұмыс жүргізіп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын атап өтті.

Ариэль Коэн АҚШ тарапына ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің халықаралық қаржы корпорациясы, Еуропа қайта құру және даму банкі және басқа да халықаралық қаржы институттары уран мен мұнайға ірі инвестициялық жобалар ретінде қарауы тиіс. Осы орайда АҚШ пен Еуропалық одақ инвестицияларды сақтандыру сияқты дамыту тетіктерін ұсынуға мүмкіндігі бар.

Сарапшы пайымына сай, АҚШ экономика, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және инвестициялар саласында «С5+1» форматындағы жобаларға (АҚШ пен Орталық Азияның бес мемлекеті) кеңінен қатысуы қажет.

Ариэль Коэн АҚШ-қа 1974 жылғы «Джексон-Вэник» түзетулерінен бас тарту маңызды деп санайды. Себебі ол АҚШ-пен Қазақстан және Орталық Азияның басқа елдері арасындағы сауда қатынастарын шектейді.

«Jamestown Foundation» зерттеу ұйымының аға ғылыми қызметкері Маргарита Ассенова Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Орта дәліз ретінде танымал маршруттар Қазақстан мұнайын Балқан және Қара теңіз аймақтарына экспорттауда аса зор маңызға ие екенін мәлім етті.

Маргарита Асенова «Jamestown Foundation» аға ғылыми қызметкері

Қазіргі уақытта елімізде өнідірілетін «қара алтын» Каспий теңізінен Еуропаға жеткізу үшін перспективалы маршруттар бар. Яғни, «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы Жерорта теңізіне және «Баку-Супса» арқылы Қара теңізге дейін шығады.

Сондай-ақ, сарапшы атом энергетикасына ерекше тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстан әлемдегі уранның ірі өндірушісі болғанымен, Еуропа елдеріне қажетті дайын өнім шығаратын байыту фабрикалары жоқ. Ол осы орайда Қазақстанда уранды байыту кәсіпорындарын салу үшін Батыс мемлекеттерінің инвестициясы қажет екенін алға тартты.

Маргарита Аксенова Транскаспий газ құбырын салу мәселесі бірнеше факторларға, соның ішінде Түркіменстан елінің қызығушылығына байланысты деп санайды. Бұл жоба газға мұқтаж Еуропа мен Ашхабад үшін өте өзекті болады. Өйткені, бұл ресурс алдағы 30 жылда отынның негізгі түрі болып қала бермек.

Сарапшы Транскаспий құбырын салудың құқықтық негізі Каспий теңізі бойынша келісімге қол қойғаннан кейін туындағанын атап өтті. Енді тек екі мемлекет: Түрікменстан мен Әзербайжанның Каспий теңізі түбінде газ құбырын салуға келісім беруі ғана қалды.

Маргарита Аксенова Батыс елдері тікелей инвестиция салмай, тек өздерінің жеке компанияларына инвестиция бағыттауға жағдай ғана жасайтынын айтты. Оның пікіріне сәйкес, америкалық саясат – ол сауда кедергілерін жойып, инвестицияға қолайлы жағдай жасау.

«Менің ойымша, Қазақстан осы жағдайда шешуші рөлге ие болып, үлкен пайда табуы мүмкін. Өйткені, қазір ол ел экономиканы әртараптандыру процесін бастады. Осылайша, Орта дәліздің дамып, өңірден ресурстарды экспорттаудың қауіпсіз жолы пайда болады. Бұл Батыс елдерінің компаниялары үшін өте маңызды», - деді Маргарита Ассенова.

Халықаралық салық және инвестиция орталығының Энергетика, экономикалық өсім және қауіпсіздік жөніндегі халықаралық бағдарламасының басшысы Уэсли Хилл Қазақстанның Орталық Азиядан әлемдік нарыққа тауар экспортауы үшін жетекші рөл атқаруына барлық мүмкіндік туғанын мәлімдеді.

Сарапшы еліміз ұзақ уақыт бойы адами капиталды дамыту мен транзиттік инфрақұрылымды жүйелі жолға қою үшін инвестиция салып келе жатқанын айтты. Мәселен, басқа мемлекетпен салыстырғанда Қазақстаннан шетелге кетіп жатқан студенттер қатары көп. Бұл - білім беру саласына бағытталған инестициялардың артып келе жатқанын айғақтайды.

Сондай-ақ, Батыс елдерінен келетін инвесторлар транзиттік инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесуі тиіс. Атап айтқанда, ол тауарларды сақтау қоймаларын салуға және деректерді цифрландыру ісіне көңіл бөлу маңызды.

Уэсли Хилл өз сөзінде Орталық Азия елдерінің өңірлік интеграциясын жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Уэсли Хилл Халықаралық салық және инвестиция орталығы халықаралық бағдарламасының жетекшісі

Сарапшы ұзақ уақыт бойы Орталық Азия елдері шет мемлекеттерге экспорт үшін бір-бірімен жиі бәсекелесіп, ішкі нарықтың әлеуетін толық пайдаланбаған деп санайды. Уэсли Хилл пайымынша, мемлекеттер негізгі инфрақұрылымдық мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастық орнатса, экспорттық маршруттар жүйелі жолға қойылады.

Сонымен бірге, сарапшы АҚШ тарапы министрлер деңгейінде кездесулер өткізіліп, жалпы саясатты үйлестіруге бағытталған «С5+1» фортаматына жүгінуі тиіс деп пікір қосты.

Сарапшы Қазақстанға Батыс елдерінің санкциялары теріс әсер етпеді, дейді. Тиісінше, Уэсли Хилл осы тенденцияны сақтап қалу маңызды деп есептейді.


Соңғы жаңалықтар