Әлемде болып жатқан жанжалдар саяси диалог арқылы ғана шешілуі тиіс- ҚР Президенті

None
None
ЦИНДАО. ҚазАқпарат - Әлемде болып жатқан жанжалдар саяси диалог арқылы ғана шешілуі тиіс. Бұл туралы бүгін Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азия, Африка, Таяу Шығыс және өзге де «Жанжал нүктесіндегі» қақтығыстарды тек саяси жолмен ғана реттеу қажеттігі туралы мүлтіксіз ұстанымдамыз. Қазақстан Ауғанстанның экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіз дамуына мүдделі. Бұл тұрғыда көптеген жылдар бойы Кабулға қаржылай жәрдем көрсетіп келеміз. Астанада сирияаралық келіссөздерді қабылдаушы тарап ретінде Қазақстан Сириядағы процестердің реттелуін жіті қадағалап отыр. Қысқа ғана уақыттың ішінде Ресей, Түркия және Иранның белсенді қолдауымен Астана келіссөздер процесі өзін Сириядағы жалпықамтымды бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы тиімді құрал ретінде көрсете білді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстан Корей түбегінің ядросыз өңір мәртебесіне қол жеткізуі тек қана бейбіт жолмен жүру тиістігін жақтайтындығын баса айтты. Сонымен қатар Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келуге де еліміздің қомақты үлес қосқанын атап өтті.

«Сондықтан да біз іс-қимылдың бірлескен жалпықамтымды жоспарының одан ары мүлтіксіз орындалуының сақталуын түбегейлі ұстанамыз», - деді Қазақстан Президенті

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміз ұйымның барлық мемлекеттерімен сенімді, достық пен тату көршілікті нығайтуға ұмтылатынын, ШЫҰ хартиясы ұстанымдарын нық қолдайтындығын баса айтты.

Елбасының пайымынша, осы жылдардың ішінде Шанхай рухы ШЫҰ-ның тиімді қызметінің бірегей көзіне айналып келді.

«ҚХР-дің табысты төрағалығы бұл іргелі факторды одан ары нығайта түсті. Ұйымымыз барлық халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің игілігі үшін одан ары нығая түседі деп үміт артамыз. Сөз соңында Қырғызстанға да болашақтағы төрағалығы барысында осынау лауазымда дәл осындай жемісті жұмыстар тілеймін»,- деді Елбасы.

Мұнан бөлек, отырыста Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның стратегиялық басымдығын атап, жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасатын алаң құруды ұсынды.

Айта кетейік, отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ШЫҰ-ғы байқаушы мәртебесі бар Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Хасан Роухани және Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттула және бірқатар халықаралық ұйымның басшылары қатысуда.

Кеңейтілген құрамдағы отырыстан кейін саммиттің басты құжаты Циндао декларациясы қабылданып, 20-дан астам құжатқа қол қойылмақ. Оның 17-сін Мемлекет басшылары рәсімдейді.

Соңғы жаңалықтар